«ЫРЫСКЕЛДІ ҚАЖЫ» МЕШІТІНДЕ ЖАСТАРҒА «ИХСАН – РУХАНИ ТӘРБИЕ НЕГІЗІ» КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ (ФОТО)

Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінде Жастар секторының ұйымдастыруымен жастар арасында рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Шара барысында мешіттің наиб имамы Рашид Алпысбаев жастарға аталмыш еңбектің мазмұны мен мәні жөнінде жан-жақты түсіндіріп, ихсан іліміне қатысты тағылымды ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, кітаптағы негізгі бөлімдер мен ғибратты тұстар талқыланып, қазіргі қоғамдағы рухани тәрбиенің маңыздылығы сөз болды.
Айта кетейік, «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жарық көріп, ел имамдары мен ұстаздарына, жалпы жамағатқа арналған құнды әдістемелік құрал болып табылады.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі