«ШЕЙХ КУНТА ҚАЖЫ» МЕШІТІНЕ НАИБ ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)

30 мамыр 2025 474 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Шейх Кунта қажы» мешітіне жаңа наиб имам тағайындалды.

Жаңа тағайындау туралы бұйрық жұма намазына жиналған жамағатқа ресми түрде жария етілді. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Закир Санху Бас мүфтидің бұйрығын оқып, Тоқтар Шекербекұлын жаңа қызметімен таныстырды. Ол өз сөзінде бұл тағайындаудың мешіт жұмысына тың серпін беретінін атап өтіп, жаңа наиб имамға жауапты қызметінде табыс тіледі.

Жиналған жамағат жаңа наиб имамды қуанышпен қарсы алып, ақ тілегін жаудырды. Қауым өкілдері Тоқтар Шекербекұлына Алладан жарылқау тілеп, ел мен дін жолындағы қызметіне береке, сабыр мен салиқалылық тіледі. Ақсақалдар имамға ақ батасын беріп, дін насихаты мен мешіт жұмысының жүйелі дамуына сәттілік тіледі.

Байділдаев Тоқтар Шекербекұлы – дін саласында тәжірибесі мол, түрлі деңгейдегі діни оқу орындарын тәмамдаған, бірнеше өңірде имамдық қызмет атқарған ұстаз. Ол бұған дейін атқарған қызметтерінде жамағатпен етене араласып, жастар тәрбиесіне, діни сауаттылықты арттыруға, ізгілік пен рухани құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлген.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру