«РАИСА АНА» МЕШІТІ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНДЕ БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ (ФОТО)

Астана қаласындағы «Рахымқызы Раиса ана» мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоевтың басшылығымен Құрбан айт мерекесіне орай балаларға арналған іс-шара өтті.
Мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында бүлдіршіндерге тәттілер салынған айттық қорапшалары таратылды. Мешіт бас имамы бүлдіршіндерге мұсылманның ұлық мерекесі болған Құрбан айттың маңыздылығын түсіндіріп, өзінің ақыл-кеңесі мен насихатын айтты. Сондай-ақ, ақ батасын беріп, елге пайдалы азамат, азаматша болуын тілеп дұға жасады.
Құрбан айт – тек құрбан шалумен шектелмейтін, адамдар арасындағы мейірімділік пен жанашырлықты арттыратын ерекше мейрам. Бұл күндері үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – исламның көркем үлгісі саналады. Әсіресе, балаларға қуаныш сыйлау, олардың жүрегіне жылулық ұялату – Құрбан айттың рухани мәнін тереңдете түседі. Осылар арқылы бала санасына имандылық, ізгілік, қамқорлық секілді қасиеттер сіңіріледі.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі