ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН ЖҮРГІЗДІ (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағатпен жұма намазын өткізді.
Құрбан айтпен тұспа-тұс келген қасиетті жұмаға жиналған жамағатты ұлық мерекемен құттықтай отырып, өзінің жылы лебізін білдірді. Құрбан айттың мұсылман жұртының бірлігі мен бауырмалдығын нығайтатын, кешірім мен қайырымға үндейтін ұлық мереке екенін атап өтті. Сөз соңында Бас мүфти жамағатқа амандық, елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік тілеп, барша мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен тағы бір мәрте құттықтады.
Айта кетсек, бүгін Құрбан айттың бірінші күні. «Айт» сөзі араб тілінде «оралу», «мейрам», «қуанышты күн» дегенді білдіреді. Әбу Ханифа мәзһабында құрбан айт намазын оқу әрбір мұсылманға – уәжіп. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінің соңына дейін айт намазын тастамағандығы және Құран кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар»сүресі, 2-аят.) , - деп бұйырған. Ораза және құрбан айт намаздары алғаш рет Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) Мәдине шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы –жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб(жақсы амалдарға жатады).
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі