«ИМАНИ ЖАЗ-2025»: ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙГЕ САЯХАТ – ШӘКІРТТЕРГЕ ТАҒЫЛЫМДЫ КҮН (ФОТО)

16 маусым 2025 231 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтіп жатқан «Имани жаз-2025» жазғы сауат ашу курсы аясында шәкірттер елордадағы Ұлттық музейге саяхат жасап қайтты.

Курстың маңызды бағыттарының бірі – баланың тек діни білім алып қана қоймай, рухани, тарихи және мәдени танымын арттыру. Осы мақсатта мешіт ұстаздарының ұйымдастыруымен шәкірттер елорда төрінде орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне арнайы саяхат жасады.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл бастама – жас буынға ата-бабаларымыздың тарихын тереңірек таныстыруға, елдік сананы қалыптастыруға бағытталған. Балалардың білімін сыртқы өмірмен байланыстыра отырып жетілдіру – «Имани жаз» жобасының негізгі ұстанымдарының бірі.

Саяхат барысында шәкірттер Қазақстан тарихынан сыр шертетін көне жәдігерлерді, мәдени мұраларды, этнографиялық бұйымдарды, құнды археологиялық табыстарды өз көздерімен көріп, таңданыс пен қызығушылыққа толы әсер алды. Музей ішіндегі әрбір зал – бір кезеңнің шежіресі іспетті. Бұл залдарды аралау барысында балалар халқымыздың сонау сақ, ғұн, түркі кезеңдерінен бастап қазіргі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тарихи жолын көзбен көріп, көкейлеріне тоқыды.

Шара барысында мешіт имамдары мен ұстаздары әр экспонаттың маңызы мен тарихи мәнін түсіндіріп, шәкірттермен сұрақ-жауап, пікір алмасу сынды белсенді форматта жұмыс жүргізді. Бұл балалардың есте сақтау қабілетін дамытуға, сыни ойлау мен тарихи оқиғаларға деген қызығушылығын оятуға сеп болды.

«Имани жаз-2024» курсы әлі бірнеше апта жалғасады. Алда шәкірттер үшін Құран жаттау, діни білім алу, түрлі ойын-сайыстар, спорттық жарыстар және өзге де тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Ал бүгінгі «Тарихтан тағылым» саяхаты шәкірттердің жүрегінде ерекше әсер қалдырып, олардың рухани және мәдени дүниетанымын тереңдете түсті.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру