«ИМАНИ ЖАЗ – 2025»: ШӘКІРТТЕР ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫМЕН КЕЗДЕСІП, СҰХБАТТАСТЫ (ФОТО)

18 маусым 2025 194 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтіп жатқан «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсының шәкірттері олимпиада жүлдегері, ел мақтанышы Қамшыбек Қоңқабаевпен жүздесіп, сұхбат құрды.

Кездесуді жүргізген «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Абдулахад Сманов балалар мен қонақ арасындағы диалогқа дәнекер болды. Сұхбат барысында спортшы еңбек жолы туралы қысқаша баяндап, балаларға өмірлік азық болар ақыл-кеңестерін айтты. Балалар да соңынан өздерін қызықтырған сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар алды.

Айты кетсек, Қамшыбек Қоңқабаев — Қазақстанның белгілі боксшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2020 жылы Жапонияның Токио қаласында өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарында +91 кг ауыр салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатты.

Қамшыбек 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда облысында дүниеге келген. Балалық шағынан спортқа жақын болып, бокспен ерте жастан айналыса бастаған. Оның бойындағы еңбекқорлық, төзімділік пен патриоттық сезім оны биік жетістіктерге жеткізді.

Ол тек Олимпиадада ғана емес, әлем чемпионаттарында да бірнеше мәрте жүлделі орын алған. Мысалы, 2017 және 2019 жылдары бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру