«ИМАНИ ЖАЗ – 2025»: ҚҰРАН СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ ШӘКІРТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

17 маусым 2025 162 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтіп жатқан «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсының шәкірттеріне арналған тағылымды кездесу өтті.

ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Серік қари Ахмет мешітке арнайы келіп, жазғы курстың бүлдіршін шәкірттерімен жүздесті. Кездесу барысында шәкірттер Құран ілімі мен қарилық жолына қатысты көкейлеріндегі сауалдарын қойып, әсерлі сұхбат өрбіді.

Шара барысында сұрақ қою тізгінін «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Махмұд Қасым жүргізіп, балалар мен қонақ арасындағы диалогқа дәнекер болды. Сұхбат барысында Серік қари кез келген ілім үйрену жолындағы қиындықтың уақытша екенін атап өтіп, өзінің Құранды игеру жолында кездескен қиындықтары мен қызықты оқиғаларын бөлісті. Сонымен қатар, Құранға деген сүйіспеншілік, Алланың кәламының ғажайыптары мен қарилықтың маңызы жайлы мазмұнды ойлар қозғалды. Кездесу соңында Серік қари Ахметке мешіт атынан естелік сыйлық табысталды.

Бұл – жазғы сауат ашу курсы аясында ұйымдастырылған сабақтан тыс тағылымға толы кезекті іс-шара болды. Мұндай кездесулер шәкірттердің рухани дүниетанымын кеңейтіп, Құранға деген құрметін арттыра түсетіні сөзсіз.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру