БАС МҮФТИ АСТАНА ҚАЖЫЛАРЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЛЕГІН ҰЛЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ (ФОТО)

Елорда қажыларының алғашқы легін ұлы сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзі арнайы қатысып, қажыларымызға сәт сапар тіледі.
Бас мүфти биылғы қажылық маусымына дайындық аясында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра істері министрі Тауфиқ ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесіп, қазақстандық қажылардың қауіпсіздігі мен жайлы жағдайы үшін маңызды келісімдерге қол қойғанын атап өтті.
Сондай-ақ, жиынға Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Фейсал Ханиф әл-Кахтани қатысты. Ол Қазақстанда қажылыққа деген дайындықтың өте жоғары деңгейде өтіп жатқандығына жоғары баға бере отырып, елорда қажыларына сәттілік тіледі.
Биыл елімізден 4 500 азамат қажылық парызын өтеуге ниет білдірген. Оларға арнайы лицензиясы бар 15 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Қажылық миссиясы ұйымдастыру-үйлестіру, алғашқы медициналық көмек, уағыз-насихат, пәтуа беру және ақпараттық қолдау көрсету бағытында жұмыс атқарады.
Айта кетсек, қажылардың сапары арнайы рейстермен жүзеге асады. Компаниялар тарапынан қонақүйлерге жайғастыру, күнделікті тамақтану, діни рәсімдерге қатысу бойынша толық инфрақұрылым дайындалған. Қажылық миссиясы құрамында медициналық қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Қажыларға алғашқы көмек көрсету үшін арнайы медициналық бекеттер де ұйымдастырылған.
Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі