БАС МҮФТИ АЛҒАШҚЫ ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНДА УАҒЫЗ АЙТТЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астанада Республикалық бас мешітте биылғы Рамазан айының алғашқы тарауық намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты.
«Әлем мұсылмандарының сағына күтетін, айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келіп жетуі баршамыз үшін үлкен қуаныш. Өйткені, қасиетті Рамазан айы – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, тақуалықтың, нәпсі тәрбиесі мен кешірімділіктің айы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Рамазан айы кіргенде адамдарды сүйіншілеп:
«Ақиқатында Алла Тағала сендерге оразаны парыз еткен мүбәрак ай келіп жетті. Бұл жәннат есіктері ашылатын, тозақ есіктері жабылатын және шайтандар кісенделетін ай. Осы айда мың айдан қайырлы түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан құр қалса, барлық жақсылықтан мақұрым болғаны», – деп айтатын болған.
Ендеше, қасиетті Рамазан айының кіруі мұсылман адам үшін үлкен қуаныш. Жалпы ораза мұсылман адамға екі дүниеде де қуаныш сыйлайтын құлшылық» деді Бас мүфти.
Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы жамағатқа тарауық намазын өткізетін қариларды таныстырып, игі ниетін жеткізді және еліміздің игілігі үшін арнайы дұға жасады.
Дереккөз: ҚМДБ-ның баспасөз қызметі