«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖАМАҒАТПЕН ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ (ФОТО)

«Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағатпен құрбан айт намазы оқылды. Жамағатқа уағызымен ұлық мерекенің мән-маңызын түсіндірген ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлы Мұқатай Құрбан айтқа байланысты әр мұсылман қаперде ұстауы қажет болған жайыттарды тарқатып айтты.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Өсерханұлы жамағатқа айт намазын оқудың үлгісін таныстырып, жамағатты құлшылыққа ден қоюға шақырды. Артынша айт намазы мен құтпасы оқылып, жамағатпен дұға-тілектер жасалды. Елорда жұртшылығы төс қағысып, қол алысып бірін-бірі мерекемен құттықтап жатты.
Айта кетсек, бүгін Құрбан айттың бірінші күні. «Айт» сөзі араб тілінде «оралу», «мейрам», «қуанышты күн» дегенді білдіреді. Әбу Ханифа мәзһабында құрбан айт намазын оқу әрбір мұсылманға – уәжіп. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінің соңына дейін айт намазын тастамағандығы және Құран кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар»сүресі, 2-аят.) , - деп бұйырған. Ораза және құрбан айт намаздары алғаш рет Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) Мәдине шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы –жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб(жақсы амалдарға жатады).
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі