АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСТАР ІСІ СЕКТОРЫ БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ (ФОТО)

03 маусым 2025 489 0
Оқу режимі

Астана қаласы өкілдігі Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен Астана қаласы әкімдігінің «№3 арнайы мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 1-маусым Халықаралық балалар күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Оған ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Ерболатұлы, Астана қаласы Жастар ісі секторының жетекшісі Рахымжан Жолдас, мекеме директоры Гүлдана Тоқтарқызы және оқушылар, ата-аналар, тәрбиешілер мен Астана қаласы өкілдігі мешіттеріндегі жастар ісіне жауапты мамандар қатысты.

Сектор меңгерушісі Бағыжан Ерболатұлы оқушыларды мерекемен құттықтай отырып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, діни басқарма әрқашан балаларға қолдау білдіріп, мерекелерден тыс уақытта да оларды назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.

Астана қаласы Жастар ісі секторының жетекшісі Рахымжан Талғатұлы да өзінің жылы лебізін білдіре отырып, жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта ортақ жобалар аясында бірлесіп қызмет етуге шақырды.

Мерекелік кеште арнайы әзірленген концерттік бағдарлама аясында домбырамен күй күмбірлеп, ән шырқалды. Балаларға тегін шаштараз қызметі ұсынылып, артынша сыйлықтар таратылды. Мекеме басшысы Гүлдана Тоқтарқызы Жастар ісі секторына және оның мүшелеріне зор алғыс айта отырып, шынайы ризашылығын білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру