АСТАНА ҚАЛАСЫ ӨКІЛДІГІНДЕ ОНЛАЙН ҚҰРБАН ШАЛУ РӘСІМІ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Құрбан айт мерекесіне орай Астана қаласы өкілдігінде онлайн құрбан шалу рәсімі басталды. ҚМДБ бекіткен тәртіпке сәйкес, құрбандықтар арнайы ұйымдастырылған санитарлық талаптарға сай қасапханаларда шалынып жатыр.
ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлы Мұқатай құрбан шалу рәсімінің ашылуына қатысты. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Өсерханұлы құрбан шалу толық санитарлық талаптарға сай жүріп жатқанын айтып, жұмыс барысымен таныстырды.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосқан болатын. Елорданың құрбан шалуға ниетті тұрғындары осы сайт арқылы онлайн тапсырыс бере алады. Шалынған құрбандықтың бейнетаспасы Whatsapp желісі арқылы тапсырыс берушіге жіберіледі.
Ал, оффлайн құрбан шалу үшін биыл елордада 6 мал сою орны бекітілді. Олар: «Жайлау», «Баракат», «Шанхай», «Шопан ата», «Ет хан», «Шаушен» шаруа қожалығы — Алаш тас жолы, 136Б мал базары.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі