Біреудің саудасына араласып клиент тартып алуға бола ма?

Сұрақ: Ассалаумағалейкүм, менде бір сұрақ бар еді. Біреудің саудасына араласып клиент тартып алуға шариғатт не дейді?
Жауап
Сауда-саттық келісімінде шариғат құптайтын бір мал-мүлік екінші мал мүлікке ауысуы қажет[1]. Сондай-ақ, сауданың берекесі артуы үшін жағымсыз әрекеттерді (макруһ) жасамағаны жөн. Ғалымдарымыз өз еңбектерінде жағымсыз әрекеттерге қатысты бірнеше мысал келтіреді. Соның бірі – біреудің саудасына араласып, тұтынушыны тартып алу[2]. Бұған негіз болған Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисі:
لَا يَبِعْ بَعْضُكُمْ علَى بَيْعِ بَعْضٍ.
«Бір-бірлеріңіздің үстіне сауда жасамандар!»[3]
Бұл тыйым екі тарапқа да қатысты. Ғұлама Кәмәл ибн Һумам бұл жайында берген түсіндірмесінен мынаны аңғарамыз: Сатып алушы саудагер айтқан бағаға разы болып, енді сауда келісімі жасалайын деп жатқанда – басқа бір сатушы саудаға араласып, бағаны түсіруі макруһ болатын болса, тура солай сатып алушы сатушыға өз бағасын ұсынып, сатушы оған разы болып, енді сатайын деп жатқанда – үшінші бір адам келісімге араласып, одан да жоғары баға ұсынып немесе қоғам арасындағы мәртебесін не қызметтік беделін пайдалана отырып, тура сол бағаға сауданы өзіне тартып алуы да макруһ болып табылады[4].
Бұдан шығатын түйін: егер сатушы мен сатып алушы белгілі бір бағаға келіспесе, әлі екі жақтың разылығы болмаса, онда саудаға араласудың ешқандай оқасы жоқ. Тура солай өтіп бара жатқан немесе бір затты іздеп жатқан сатып алушыларға сатушылардың жан-жақтан өз тауарларын ұсынуы бұл тыйымға кірмейтінін көрсетеді[5]. Яғни олай жасау – рұқсат.
Қорытынды: Екі тараптың разылығы табылып, тек сауда келісімін құптау ғана қалғанда араласу – мақруһ (жағымсыз) болады. Аталмыш әрекет берекені кетірсе де, сауда келісімі жүзеге асады. Яғни тауар сатып алушының меншігіне, ал қаражат сатушының меншігіне жағымсыз болса да адал күйінде өтеді. Арам табыс ретінде есептелмейді. Ал екі тараптың разылығы әлі табылмағанда, саудаға араласудың оқасы жоқ.
Астана қаласының пәтуаға жауапты маманы
Дарханұлы Тамирлан