РАМАЗАН-2025: «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ АЛҒАШҚЫ ТАРАУИХ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ (ФОТО)

28 ақпан 2025 1798 0
Оқу режимі

Исі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айы басталды. Берекелі айда Алла разылығын үміт еткен жамағат құлшылық ордаларына жиналып, тарауих намаздары да оқыла бастады. Сауабы мол мүбәрак айды мүмкіндігінше пайдалы өткізуді көздеген еліміздің барлық мешіттері бұл күнге ерте бастан дайындалып, жан-жақты қамданған еді. Жамағат та қасиетті айды ерекше ықыласпен қарсы алып, кеш түсе мешіттерге қарай ағыла бастады.

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағаттың осындай ыстық ықыласы айрықша байқалды. Құптан намазының азаны шақырылмай жатып-ақ, мешіт іші лық толып, жамағат бір-бірін Рамазанның келуімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Құптан намазынан кейін Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов Рамазан айының қадір-қасиеті жайында тағылымды уағыз айтып, тарауих намазын жүргізетін қариларды жамағатқа таныстырды. Жамағат арасындағы ақсақалдар қариларға батасын беріп, сәттілік тіледі. Артынша көпшілік тарауих намазын оқып, дұға-тілектерін жасады.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру