«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНІҢ ҰСТАЗЫ «ӘЛ-ФАРАБИ» МЕШІТІНДЕ НАСИХАТ АЙТТЫ (ФОТО)

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде әдеттегідей жамағатқа арналған бейсенбілік ақ дастархан жайылып, көпшілікке арналған насихат кеші өтті.
Бұл жолы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен өткізілген шараға «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Ерсайын Қабылқанұлы арнайы қонақ болып келді.
Ерсайын Қабылқанұлы жиылған жамағатқа «Өз-өзіне қол жұмсау – Жаратқанға қарсы шығу» тақырыбында насихат айтты. Насихат барысында тақырып аясындағы Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінен көркем мысалдар келтірді.
Өз-өзіне қол жұмсау, яғни бүгінде суицид деп аталып жүрген ұғымға Ислам тұрғысынан кеңінен талдау жасады. Адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін факторларды тізбектеп берді: рухани дағдарысқа ұшырау, мазасыздық, терең созылмалы күйзелісте жүру, жалғыздық, шешімі жоқ болып көрінген басындағы қиындықтары: өмірдің мəнін жоғалту, шарасыздық, қысым көру, қарызға кіріп шыға алмау екенін тілге тиек етті.
Насихат соңында жамағатқа ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға өз-өзіне қол жұмсау дертінің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет екенін айтты. Алла əрбір сəтсіздіктен сабыр іздеп, өмірде із қалдыратындай ғұмыр кешуді нәсіп етуін тілеп, дұға жасады.