«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ҚҰДАЙЫ АС БЕРУДЕГІ ЫСЫРАП МӘСЕЛЕСІНЕ АРНАЛҒАН КІТАПША ТАНЫСТЫРЫЛДЫ (ФОТО)

24 мамыр 2025 379 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағатқа «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (тәртібі мен мәзірі)» атты әдістемелік кітапша таныстырылды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен шыққан кітапшада ас беру рәсімдерінде шариғат талаптарына сай әрекет ету, ысыраптан аулақ болу, қарапайымдық пен ізгілікті ұстану жөніндегі нақты ұсыныстар мен мәзір үлгілері берілген.

Жиын барысында «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Махмұт Қасым кітапшаның мазмұнына тоқталып, бүгінгі қоғамда кең етек алған ысырапшылдықтың рухани әрі әлеуметтік зияндарына назар аударды. Құдайы асты шамаға қарай беру, мал шашпау, мақтан үшін бәсекелестікке бармау – Исламдағы негізгі қағидалардың бірі екенін атап өтті.

Жиынға қатысқан жамағат айтылған құнды мәліметтерді ықыласпен қабылдап, бұл бастаманың қоғамдағы діни сана мен мәдениетті арттыруда маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ, кітапшаның еліміздің әр өңірінде таралып, ас беру мәдениетін жүйелеуге үлес қосатынына сенім білдірілді.

Таныстырылым соңында жамағатқа кітапшаның бірнеше данасы таратылып, мешітке келген әрбір кісіге қолжетімді болатындай жағдай жасалды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру