АСТАНАДА III РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МҰСЫЛМАН ӘЙЕЛДЕРІНІҢ СӘН КИІМІ БАЙҚАУЫНА ІРІКТЕУ ӨТТІ (ФОТО)

18 мамыр 2025 575 0
Оқу режимі

Астана қаласы өкілдігі Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен III Республикалық мұсылман әйелдерінің сән киімі байқауына арналған іріктеу кезеңі өтті.

Іс-шараға Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Бекет бастаған елордалық әйел ұстаздар мен шәкірттер қауымы қатысты. Сондай-ақ қазылар алқасында төрелік еткен дизайнер, «I’m Different» брендінің негізін қалаушы, Париж, Амстердам, Милан қалаларында сән әлемінде өнер көрсеткен, сән дизайны бойынша гран-при иегері Зарина Ақшолақова, қыз-келіншектерге арналған отандық өнім «Amirdan» брендінің негізін қалаушы, дизайнер Ұлдана Дәулетбекқызы және исламтанушы, теолог Әсел Дүйсебекқызы қатысушылардың әділ бағасын беріп отырды.

Бұл байқаудың басты мақсаты – ұлттық дәстүр мен шариғат талаптарына сай киім үлгілерін насихаттау, сондай-ақ мұсылман қыз-келіншектерінің шығармашылығы мен талғамын арттыру.

Іріктеу барысында сән үлгілерінің эстетикасы, киімдердің шариғат нормаларына сәйкестігі және дизайнерлік шешімдер басты назарда болды. Қатысушылар хиджаб киімдерінің заманауи үлгілерін ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Шара соңында үздік шыққан қатысушылар алдағы уақытта өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Сондай-ақ I орынға 200 000 теңге, II орынға 150 000 теңге, III орынға 100 000 теңге көлемінде сыйақы берілді.

 Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру