«ӘС-СӘЛАМ» МЕШІТІНДЕ ЖАСТАРҒА ҚОЙ ЕТІН ЖІЛІКТЕУ КӨРСЕТІЛДІ (ФОТО)

«Әс-Сәлам» мешітінде құптан намазынан кейін ерекше рухани әрі тәрбиелік маңызы бар іс-шара ұйымдастырылды.
«Аталар мектебі» жобасы аясында мешітке жиналған жас жамағат өкілдеріне қазақтың көнеден келе жатқан асыл дәстүрлерінің бірі – қойды мүшелеп бөлу өнері таныстырылды. Іс-шараға арнайы шақырылған құрметті ақсақал, мешіттің алқа мүшесі Қайырбек Шәмшіұлы жастарға қойды жіліктеудің қыр-сыры мен терең мағынасын түсіндіріп, іс жүзінде көрсетті.
Қайырбек ақсақал қойдың әрбір мүшесінің атауы мен оның қандай табаққа қалай бөліну керектігі жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Ол сондай-ақ малдың бездері мен тамырларын қалай ажыратып алатынын, бұл іс-әрекеттің шариғаттағы және салт-дәстүрдегі маңызын түсіндірді. Жастар қойды дұрыс мүшелеу, бездерін тазартып дайындау және әр табақтың кімдерге арналатынын (үлкендерге, құрметті қонақтарға, жастарға) қалай ескеретінін мұқият тыңдап, тәжірибе барысында өздері де қолдарымен жасап көруге мүмкіндік алды.
Бұл игі бастама жастар арасында ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға, әрі олардың ата дәстүрге деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Іс-шара соңында ақсақал жастарға бата беріп, ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраларды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге шақырды.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі