Зұлхижжа айының 6-күні: Зүл-Хижжа айында көреалмаушылық пен қызғанышты құрбан ету

Жүректі тазартатын қасиетті он күн
Зүл-Хижжа айының алғашқы он күні — бұл тек құрбан шалатын ғана емес, жүректі тазартып, рухты биіктететін ерекше рухани маусым. Бұл күндерде Аллаға жақындау тек түнде тұрып намаз оқумен, ораза ұстаумен немесе садақа берумен ғана шектелмейді. Бұл — ішкі дұшпандарымызды, яғни жүректегі лас сезімдерді құрбан ететін кезең. Солардың ішінде ең бұзушы әрі жойқын сипат — көреалмаушылық пен қызғаныш.
Қызғаныш — біреудің жетістігіне, нығметіне іштарлықпен қарап, сол жақсылықтың соған емес, өзіне тиесілі болғанын қалау немесе ол адамда ондай игілік мүлде болмағанын тілеу. Әйгілі ғұлама Имам әл-Ғазали қызғаныш жайында мынандай тұжырым жасайды: «Қызғаныш — бұл адамның бойында біреудегі нығметтің жойылып кетуін қалау. Бұл сезім ол нығметтің өзіне ауысуын қалау немесе қаламауымен бірге жүруі мүмкін.» Ал Ибн Раджаб әл-Ханбали: «Қызғаныш дегеніміз — бір адамда бар нығметтің жоқ болып кетуін іштей қалау немесе соған қынжылу» деген тұжырым береді. Демек, қызғаныш — жүректегі іштарлық. Ол — біреудің жақсылығын іштей қабылдай алмау, соның орнында өзіңді елестету немесе ол жақсылықты сол адамнан көрмеуді қалау. Бұл — адамның жан тыныштығын бұзатын, Алланың тағдырына наразылық білдіретін қауіпті рухани дерт. Өйткені әр нығметті берген — Алла.
Құранда қызғаныш жайлы: «Немесе олар Алла Өз кеңшілігінен адамдарға берген нәрсесі үшін қызғана ма?» (Ниса сүресі, 54-аят). Мұндай сезім адамды тыныштықтан айырып, өзгелердің қуанышын уға айналдырады. Ал шын мүмін – басқа мүміннің жетістігіне қуана білетін, Алланың жазмышына разы жан. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендер бір-бірлеріңді көреалмаңдар. Бір-бірлеріңе қызғанышпен қарамаңдар. Алланың құлдары болыңдар — бауырларша өмір сүріңдер.» (Сахих Бухари, Сахих Муслим)
Исламда қызғаныштың бәрі бірдей тыйым салынған емес. Оны екіге бөлуге болады. Біріншісі — бұрыс қызғаныш (хасад), яғни біреудің игілігіне іштей күйініп, сол нығметтің жойылуын қалау. Бұл — жүректі қарайтатын, ізгі амалдарды күйдіріп жіберетін ауыр күнә. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қызғаныш жақсылықтарды қалай от отынды жойса, солай жояды» (Әбу Дәуіт) — деп ескерткен. Ал екінші түрі — дұрыс, рұқсат етілген қызғаныш (ғибта). Бұл — біреудің бойындағы игілікке қызығып, соған өзі де ұмтылу. Бұл жағдайда адамның көңілінде іштарлық та, жаман ниет те жоқ. Керісінше, ол да сондай жақсылыққа қол жеткізгісі келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Тек екі адамға ғана қызғаныш етуге болады: бірі – Құран үйреніп, онымен амал ететін адамға; екіншісі – Алла жолында мал-дүниесін жұмсайтын адамға.» (Бухари, Муслим)
Сондықтан, егер Алланың біреуге берген кеңшілігінен кейін жүректен тыныштық кетсе – бұл хасад, яғни бұрыс қызғаныш. Ал жүректе тыныштық пен қуаныш пайда болса — бұл дұрыс қызғаныш деген сөз.
Егер адам жүрегінде хасадты байқаса, оны емдеуге талпынуы қажет. Имам Әбу Хамид әл-Ғазали өзінің «Ихия улум әд-дин» атты әйгілі еңбегінде қызғанышты рухани дерт деп атап, оны емдеудің бірнеше жолын ұсынады. Алдымен адам өз нәпсісін терең танып, бойындағы қызғанышты жек көруі керек. Себебі бұл сипаттың түбі — Алланың тағдырына наразылық. Сондай-ақ қызғанып жүрген адамға шынайы түрде дұға жасап, оның жақсылығын тілеуге дағдылану керек. Бұл – нәпсіге ауыр болғанымен, жүректі тазартады. Сонымен қатар адам өзіндегі нығметтерге шүкір етуге үйренуі керек. Қызғаныштың негізі — разы болмау. Сондықтан Алланың саған бергенін ойлап, шүкіршілік ету – қызғанышты жояды.
Бұл он күн – жүрек тазартатын күндер. Мал құрбандығы арқылы тәнге жақын нәрселерден арылсақ, көреалмаушылық пен бұрыс қызғанышты құрбан ету – рухани тазарудың белгісі. Бұл күндері Алладан өзгелерге берілген нығмет үшін шүкір етуге, өзіңде барға қанағат етуге, шын жүректен бауырларыңа дұға жасауға тырысу керек.
Зүл-Хижжа айының қадірін білген жан — жүрегіндегі көреалмаушылық пен қызғанышты Алла разылығы үшін құрбан ете алады. Шынайы ықыласпен жасалған бұл рухани құрбандық — Алланың мейіріміне бөленудің, тыныш жүрек пен таза ниеттің белгісі. Ендеше, осы күндерде жүрегімізді ішкі дерттен арылтайық. Көреалмаушылық пен қызғанышты емес — сабыр мен шүкірді серік етейік.