ЖҮРЕКТІҢ АҚЫЛ СУАТЫ

Қалам ұстаған қазақ атаулы, тіпті той басқарған асабаға дейін Абайға жүгінуге құмар. Ұлы ақынның туғанына биыл 180 жыл толса, о дүниелік болғанына да 121 жыл болыпты. Аз уақыт емес.
Абайдың қайтыс болған (1904) жылы мен Махамбеттің туған жылының арасы (1804) тура бір ғасыр. Оны айтасыз, Махамбеттің Қараойда басы алынғанда, яғни 1846 жылы Абай бір жастағы бала екен. Мұны неге айтып жатырмыз, өйткені Махамбет, Дулат секілді дәстүрлі поэзияның ғажайыптарын Абайдың өзі де, өскен ортасы да жақсы білді. Өйткені ол – дәстүрлі әдебиеттің гүлденген дәуірі. Неге сөйте тұра мүлде басқаша жазды? Бұл сұраққа да тек абайтанушылар ғана емес, ақын-жазушылар жауабын әлдеқашан айтқан, жазған.
Сондай сауал көлденең тартылған сұқбаттасуда, біздің көбімізге ағалық үлгі көрсеткен, қызметтес болған марқұм ақын Есенбай Дүйсенбаев: «Абай бірден еуропаша жазған», – деп түйіндеуші еді. Бұл түйінге ештеңені алып-қоса алмайсың. Зерттеушілер де, қаламгерлер де талай мәрте жазғандай, Абайдың Пушкинді, Лермонтовты жатқа білгені, Гетені, Шиллерді, Байронды оқығаны белгілі.
Осы ретте ұлты неміс болса да, өмір бойы қазақ әдебиетіне қызмет еткен, шығармаларын біздің тілімізде жазып, біздің ұлтымызға шын жанашыр болған Герольд Бельгер былай депті: «Гетенің «Жолаушының түнгі жыры» негізінде туындаған Лермонтовтың «Тау шыңдары» мен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдеріндегі үндес әуенді кезінде біраз зерттеп, ол жайында үлкенді-кішілі мақала, эссе, әңгіме жазғанмын. Зерттеу барысында жұрттың бәріне мәлім не бары сегіз жолдық миниатюраның түп тамыры көне грек ақыны Алкманға барып тірелетініне көзім жетті». Мінеки, Абайды, қазақтың сол бір қара шалын қайдан, қай биіктен іздеу керек. Тағы да сол Гераға айтқан бір дерек, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының басында шәкірт Абай оқудан ауылын аңсап келе жатады. Романның орысша тәржімелерінің бірінде сол шәкірт Абайға бие мінгізіп қойыпты. «Аға сұлтанның баласы биеге мінуші ме еді?» – деп күледі Гераға. Мұны да білген адам айтады. Қазақ арқыратып айғыр, оқырантып бие мінбеген. Ақта қылған жылқыны мініс ат дейді.
Абай өлеңдері туралы пікір оның көзінің тірісінде-ақ айтыла бастапты. Түрік тілдерін зерттеген Василий Радлов, Платон Мелиоранский секілді орыс ғалымдары қазақша өте жақсы білген. Академик Рәбиға Сыздықтың еңбектерінен мынадай жолдарды оқыдық: «Біздіңше, Абайдың тілі туралы ең тұңғыш айтылған пікір – орыстың көрнекті ғалымы П.М. Мелиоранскийдікі. Ол 1901 жылы айтылған. Академик Ә.Марғұланның мәліметінше, князь В.А. Кудашев жинаған Абай өлеңдерінің (Ленинградта, География қоғамының архивінде сақтаулы) қолжазбасын П.М. Мелиоранский редакциялайды. Мұнда Абай өлеңдерінен басқа да үлгілер болады. Қолжазбамен танысқаннан кейін редактор былай деп жазыпты: «Бұл жинақта мазмұны жөнінен әсіресе мына дүниелер қызықты: «Жыл мезгілдері», «Бүркітші», «Өсекші», «Әйелдің сипаты». Бұл шығармалардың тілі азды-көпті кітаби». Рәбиға Сыздықтың пайымдауынша, осы өлеңдер жазба әдебиетке тән белгілерімен дараланып көрінсе керек. Сол даралықты Мелиоранский «кітаби» деп атаған.
Плантон Мелиоранскийден кейінгі пікір Сұлтанмахмұт Торайғыровқа тиесілі екен. Сұлтанмахмұт 1913 жылы «Айқап» журналының төрт бірдей санына «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» атты мақала жазып, тілі «бытпырақ», яғни шағатайша, татарша аралас «шата тілмен» жазылған кітаптарды сынай келе: «Жақсы өлеңдер басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай, соқыр кісі сыбдырынан танырлық ақ құла ашық тұрады. Марқұм Абай өлеңдері секілді», – депті.
Абайға ұқсайтын ұлы ақындарымыздың бірі – Қадыр Мырза-Әли:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, –
деп басталатын атақты өлеңін «Абайдың ең мықты өлеңі» деп атағаны есімізде. Бәлкім, солай да шығар. Ұлттық деңгейдегі мәселені көтерген салмағы басқа жырынан озықтау көрінер. Студент кезімізде Тәкен Әлімқұловтың Абай туралы «Жұмбақ жан» атты қалың кітабын жастанып жатып оқыған едік. Сол оқығанымызды айтып толғанғанда ұстазымыз Рахманқұл Бердібаевтан жылы сөз, жыр қыларлық мадақ естігеніміз бар. «Жұмбақ жанда» Тәкен Әлімқұлов: «Абайдың әр өлеңі кітапша болмаса да, дербес мақала жазуға тұрады», – деп түйеді. Расында солай:
Майдағы жұрттың іші қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар,
Қар жауса да сөнер ме?
***
Өлсем орным қара жер сыз болмай ма,
Өткір тіл – бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат ғадауатпен майдандасқан,
Қайран, менің жүрегім мұз болмай ма?!
***
Сылдырап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай.
Кірлеген жүрек өз ішін,
Тұра алмас әсте жуынбай.
***
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі – алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс (дегенін де Пушкиннен аударған деп ойламайсыз, өз өлеңі секілді оқылады).
***
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса;
Күнді уақыт қызартып,
Көкжиектен асырса;
Күңгірт көңлім сырласар,
Сұрғылт тартқан бейуақта.
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.
***
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта,
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар.
***
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған.
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағына жетіп қайырған.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.
Немесе:
Екі күймек бір жанға әділет пе,
Қаны қара бір жанмын, жаны жара
(соңғы жолдағы «қаны қара, жаны жара» ұйқасы бүгінгі ақындардың ұйқасынан аумайды. Сірә, ұлылық деген осы болар. Абайда бәрі бар. Бірақ өлеңдерінің дені қара өлең ұйқасымен жазылғанын білеміз. Ұйқас дегеннен шығады, Қадыр Мырза-Әли «түбір ұйқас» туралы сөз болғанда ол эпоста, ежелгі ақындарда да бар екенін айтқаны жадымызда).
Осылай Абайдың керемет жырларын тізе беруге болады. Бірақ қазір де ең көп оқылатын ұлт ақыны ондай жарнамаға зәру емес. Бұл ретте айтпағымыз, қайсыбір жылы әлеуметтік желіде Абайға күмән келтірген бір ғалымсымақтың пікірін оқыдық. Оның кім екенін білмейміз, бірақ ол жыл аралатып сол «жаңалығын» жариялап тұрады. Егер сол сандырақты пікір деуге келетін болса, «Абайды Алаш зиялылары қолдан жасаған-мыс…» дегенге саяды. Шүкір, қазір Алаш зиялыларының өлеңдерін, жалпы мұрасын білеміз. Турасын айту керек, олар Абайға жоғарыдағыдай керемет өлең шығарып беретін деңгейде емес. Алаш зиялыларын, баспасөзін зерттеуге, оларды кітап етіп жариялауға бір кісідей үлес қосқан ғалым әрі баспагер Ғарифолла Әнес: «Алаш зиялылары Абайды оқығанда, осындай да ақын болады екен-ау деп таңғалған екен», – дегенді жиі айтатын. Білетін әрі адал ниетті ғалымның сөзі.
Абай бізге әр кез рухани тірек болып келеді. Қайсыбір жылы, жаңылмасам, «Қазақстан» телеарнасында «Шынның жүзі» деген бағдарлама жүргізілді. Жүргізген – белгілі журналист Қасым Аманжол. Бүкпесіз. Бетің-жүзің демейді, жалбақтап, жарамсақтану атымен жоқ. Кәдімгі «тура биде туған жоқ» ұстанымы. Сұқбат түріндегі бағдарлама. Бағдарламаның аты Абайдың:
Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма?
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін, – деген өлеңінен алынған. Ол да Абайды бойына сіңіріп оқыған адамның оңды әрекеті.
Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің-бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы, жүректің қаныменен,
Ерітуге болмайды ішкі мұзын, –
деген өлеңін оқығанда ойлағанымыз, «көздің жасымен, жүректің қанымен еріте алмайтын мұз», яғни қазақы кекшілдік Абай заманында отар қазақтың бойында болса, қазір де солай секілді. Қазақ билігінің соңғы жылдағы ең үлкен бір жетістігі – сотты да дүниежүзі куә болатындай етіп, жариялы, ашық түрде жүргізуі дер едік. Жақында өткен аты шулы «Шерзат ісін» бақылап отырып, осы «ішкі мұзы» ерімейтін қазақы кекшілдік еске түсті. Атам заманнан құлдар ғана бір-бірін солай жек көреді. Соны білсек екен!
Қазақтың Абай заманынан көп өзгере алмағанын ұлы ақынның мына өлең жолдарына үңілген сайын көз жеткізесің:
Алтыбақан алауыз,
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған мінейді.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
***
Өтірік, өсек, мақтанға,
Ағып тұрған бейне су.
***
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.
***
Өтірік пен өсекке,
Бәйге атындай аңқылдар.
***
Сәлем – борыш, сөз – құлық болғаннан соң,
Қандай жан сырттан сөз боп сыналмай жүр.
***
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.
***
Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.
***
Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
***
Қазақтың қайсысының бар санасы,
Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.
***
Төңкеріліп құбылған жұрт – бір сағым,
Шынға шындап қоса алмас ынтымағын.
***
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.
Осылайша, Абайдың халқына жаны ашығаннан да ащы шыққан өлеңін шұбыртып, түгендеп шығуға болады. Әр жолдың салмағы атан түйеге жүк болардай ауыр, тіпті уытты, оқып отырып, санаң санға, ойың онға бөлінеді. Қолыңда билік болса, әр көшеге жазып қойғың келеді. Онсыз да оқу-тоқуы көп ұлы ақынның ұлтының көлеңкелі жағын осылай тұтас көруі билікке араласып, билік құруында («Қазақта қара сөзге дес бермедім») болар деп пайымдаймыз. Турасы, Абай шығармашылығына қазақ даласындағы билер институты оң ықпал еткен.
Соңғы жылдарда Құнанбай әулеті тарихының жаңа беті ашылғандай түрлі дерек айтылып жүр. Рас, жаңа дәйек, тың ұстаным баршылық. Дегенмен оның сілемі ғылымға бұрыннан белгілі. Академик Әлкей Марғұланның жазуынша: «Абайдың өзіне тән әдебиет мұрасымен қатар, оның өмірбаянына керекті мәліметтер де үлкен кітапханада, архивте кездесіп отырады. Сондай күрделі деректің бірі – Абайдың әкесі Құнанбай мен оның балаларын патша үкіметі айыптап, тергеу жүргізген істер. Бұл құжаттар Омскінің мемлекеттік архивінде сақталған. Абай туралы роман жазған Мұхтар Әуезов бұл деректерді көрмеген, сөйтсе де, архив деректері мен оның романында айтылған тарихи эпизодтар бірі мен бірі қабысып жатыр».
Ілкіде айтқанымыздай, Абай туралы сөз 1901 жылдан басталды десек, содан бері 124 жыл өтті. Әр ұрпақтың хакім Абай туралы толғанысы толастар емес. Өйткені ұлттың өзін-өзі тануы жалғасып келеді. Ол үдерістің ұзаққа созылуы, кейде мүлде кері кетуі ұлт ретінде басымыздан өткерген түрлі тақсіретке байланысты. Ұлы ақын өзі туралы айтса, бүтіндей ұлты туралы айтқаны. Бұл – аксиома. Содан да ұлы адамның:
Тағы сене бастаймын,
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма? –
дегені сенгіш, аңғал қазақы орта үшін сондай шынайы. Бәлкім, ұлылық дегеннің бір аты – шынайылық шығар. Немесе «Жүректің ақыл суаты» дейді. Ақыл туралы осылай айтуға да болады екен. Абайды әр оқыған сайын осындай бұрын байқамаған тіркестер алдыңнан шығады. Барлық ұлт ақыны сияқты, Абайды өзге тілге аудару өте қиын. Оны Герольд Бельгер бастаған кәнігі аудармашылар талай айтқан. Басқа тілде оқыған өз қандасымыз болса да емірене елігіп, бойына сіңіре алмайды. Тек қазақша оқыған жас ұрпақ қана «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек-ті» шындап түйсіне алады.
Қысқасы, Абайды тану әлі ұзаққа жалғаспақ. «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деп Асқар Сүлейменов айтты дегендей, қолына қалам ұстаған есті қазақ хакім Абай туралы әлі талай толғанары анық. Дегенмен Абай есімді ғажайып құбылыс туралы Мұхтар Әуезовтен асырып айта алмаспыз. Сондықтан бұл сапар сөзімізді ұлы жазушының сөзімен аяқтағанды жөн көрдік.
«Жай адамның өмір тірлігін біздің халық мүшелмен санайтын. Оның мүшелі он екі жыл еді. Ақындықтың әбулхаят суын ішкен, өлімді жеңген, мәңгі тірлік тапқан Абайдай дана даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелін жүз жылдан қайырмақ. Алтайдан Алатауға аттап түсерлік ертегі тұлпарындай сайлардан, сахаралардан ғана аттап өтпей, замандардың да талайын аспандап өте бермек. Өзінің қадір білмес ғасырынан бізге жеткенде Абай солай жетіп отырған жоқ па? Өміріндегі қам-қайғысын халқының бағына бағыштаған барлық дана ақынның өзіне-өзі жазған «Тағдыры» сол».
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ