ҮМІТ

Үміт. Адамда өмірінің соңына дейін үзілмейтін жалғыз ғана нәрсе – үміт.
Жан алқымға келсе де, әйтеуір бір үмітпен көзін жұмады адам. Ол да – “Раббым күнәмді кешірер, рахметіне бөлер” деген бір үміт.
Сондықтан да, қазақ “үмітсіз – шайтан” дейді. Яғни, шайтанның тағдыры о бастан мәлім болғандықтан, Алланың рахметінен қуылғаны бесенеден (пешенеден, тағдырынан) белгілі болғандықтан, ол кешірім мен рахметтен үмітін толықтай үзген. Ал адам Ібіліс емес қой. Сол үшін адамда үміт үзілмейді.
“Барлық нәрсе жоқ боп кеткен сәттің өзінде де үміт бар боп қала бермек”, – дейді Фалес.
Ендеше, Алланың рахметі кең, сол үшін үмітімізді үзбейік.
Десек те, “әзәзіл сұм шайтан да сендерді Алланың кеңшілігіне, шексіз мейіріміне құр үміт арттырып, алдап соқпасын” (Құран: “Лұқман” сүресі, 33-аят).
Салтан САЙРАНҰЛЫ