ШИРКТІҢ МӘНІ

Адамның ішіндегі ең үлкен пұт — нәпсі.
Ал сырттағы пұттар — соның көлеңкесі ғана.
Біз сырттағы пұтты сындырумен айналысамыз. Қолдан жасалған мүсіндерді, жалған тәңірлерді, сыртқы табынуларды жоққа шығарамыз. Бірақ соның бәрін істеп жүріп, ішкі пұт — нәпсімізді тәңірге айналдырып алғанымызды байқамаймыз.
Бұл — ширктың ең жасырын, ең зұлмат түрі.
Адам "Мен Құдай үшін істедім" дейді, бірақ ішкі дауысы: "Мен үшін істедім" деп сыбырлайды.
Сырттай сәждеде, іштей өзін мадақтап тұрады.
Пұт деген – қолмен ұстаған зат қана емес.
Пұт – ой.
Пұт – өзіңді өзгеден биік санау.
Пұт – менмін деу.
Пұт – өз ақылыңды ақиқаттың орнына қою.
Біреу дүниеге табынады – ол анық пұт.
Бірақ біреу өз тақуалығына табынады – бұл одан да жаман пұт.
Себебі алғашқысы өзін пұтқа құл етеді. Ал соңғысы өзін құдай көреді.
Ширк деген – серік қосу.
Бірақ бұл серікті мүсін деп ұғу – тым үстірт түсінік.
Шын серік – адамның өзі.
Кейде адам Жаратушыға емес, өз мінезіне, өз пікіріне, өз ләззатына, өз ұстанымына табынады.
Сонда Құдай емес, нәпсі әмір береді.
“Менің пікірім”,
«Менің жолым»,
«Менің ақиқатым» деген сөздер – ішкі пұттың айғайы.
Ширктің ең ауыр түрі – өзін білмей тұрып Құдай туралы айту.
Ішкі нәпсі пұт ретінде орнында тұрғанда, адам не айтса да, ол нәпсі дауысы ғана.
Ол – Алланың атымен нәпсісін ақтау.
ТӘУБЕ – ПҰТ СЫНДЫРУ ЕМЕС, НӘПСІНІ ТАСТАУ
Ширктен құтылу үшін мүсінді сындыру аз.
Оны жасаған қолды, қалаған көңілді өзгерту керек.
Бұл – ихсан жолы.
Бұл – Алланы көріп тұрғандай өмір сүру жолы.
Жанындағы емес, жаныңдағы пұтты сындыр.
Себебі ол сені Алладан алшақтатып тұр.