РУХАНИ МОНОПОЛИЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЕМ-ШАРАСЫ

Исламда діни-рухани тәрбие беріп, басшылық көрсететтін тұлғаларды шейх, пір, құтып, муршид, имам, қалпе деп атайды. Бұл феномен әсіресе сопылық бағытта кең тараған және кейбір рухани көсемдері жекелеген культке айналған.
Олардың негізгі ұстанымдары жұрттың жүрегін нұрландыру, өзара байланыстарын нығайту, исламның құндылықтарымен алға ұмтылу, ислами қамқорлық таныту, ислам үшін өмірде тақуа болу, рахат жүруді қою, ықыласты түрде жеке бастың пайдасын ойламау, халықтың өзара сүйіспеншілігін арттыру, ислам бірлігін нығайту, дінге қызмет, елге өнеге болу болатын. Осылайша, ислам бірлігін нығайтулары ең басты міндеттері еді. Алайда, бұл бірлік надан түрде, бейсана болмайды. Бірлік деген, ой-пікірлердің қосындысы. Ал, пікірлердің қайнасып қосылуы болса, өнер мен білімді қамтып, исалам құндылықтары арқылы жүзеге асады.
Өкінішке орай, олардың өзара бірлесіп, ынтымақ құруы былай тұрсын кейбірі бір-біріне «мүнкир» яғни айтқандарын қабылдамайды. Олардың қағидасы бойынша, «мүнкирге» яғни айтқаныңды қабылдамаушыға махабат етуге, құрмет көрсетуге, тіпті дос болуға болмайды, харам. Олардың бірін-бірі қабылдамауы өте күрделі де өзекті мәселеге айналды.
Оларға екі үлкен айғақты айтып, таухид арқылы біріктіруге болады. Егер олар келтірілген дәлелдерді мойындамаса ынсапсыз деп айыпталады.
Бірінші айғақ: («Күмәнсіз, мұсылмандар бір-бірімен бауыр» (Хужурат» сүресі, 10-аят) – деген аят.
Екінші айғақ: («Ешкім өзіне қалағанды бауырына да қаламайынша (толық) иман келтірген болып саналмайды» (Бұхари, Муслим) - деген Ардақты Пайғамбар сүннеті.
Растау я өтірікке шығару ортасындағы күдік болып саналатын «қабылдамау» мәселесі, қалай ғана жоғарыда аталған екі ұлы ереже-заңға қарсы келіп, үкімін жояды? Бұл қабылдамау мәселесі дұрыс болғанның күннің өзінде, ол Аллаһтың сөзі емес қой, нақты үкім саналып, күшін жоймайтын айғақ болатын. Ендеше, заман ол үкімнің күшін жойды деп есептеу керек! Зияны пайдасынан көп болды, демек үкімі жойылды деген сөз. Ал «Мәнсухпен» (жойылған үкім) амал жасауға болмайды!
Егер олардың өзара дұшпандығына себеп болған бір-бірінен көрген өзара оғаш қылықтары болса, онда қандай ынсаппен Алатаудай алып, асқар таудай биік «Иман», «Ислам», «Адамгершілік», «Бауырластық» саясында болатын құрмет, өзара сүйіспеншілік тұрғанда әлгіндей түкке тұрмайтын баланың қылығына ұқсас кейбір оғаш әрекеттерге бола, соны сылтау қылып дұшпандық қылуға болады. Немесе, әлгі құндылықтар мына нәрселерге жеңілетін арзан дүние ме еді?
Иә, өзара сүйіспеншілікті талап ететін «Ислам», «Адамгершілік» Ухуд тауындай үлкен, ал дұшпандыққа итеретін себептер кейбір майда тастар секілді ұсақ-түйек нәрселер. Махабатты дұшпандыққа жеңгізген адам ақиқатында Алатауды майда бір тастан кішік санап, менсінбеген ақымақ адам. Дұшпандық пен махабат, жауласу мен қастасу бұлар жарық пен қараңғылық секілді бастары әсте бірікпейтін нәрселер. Егер (жүректі) дұшпандық жайласа сүйіспеншілік пен құрмет жасанды болады. Егер сүйіспеншілікке толып, махабат шынайы болса дұшпандық мейірімдене аяу суретіне, жанашуға айналады.
Біздің өмірлік ұстанымымыз: Махабатқа махабат, сыйға сый; дұшпандыққа дұшпандық. Яғни біздің ең жақсы көретін нәрсеміз ол махабат. Ал ашуланатын нәрсеміз де дұшпандық, өзара қастасу болу керек еді.
Олай болса, біздің олардан келесі нәрселерді сұрауға ақымыз бар.
Біріншіден: Өздері әрдайым қызыл кеңірдек болып, айта беретін ықыласты
Екіншіден: «тәкке», «тариқат» деген рухани бөлімшелеріндегі өздері білетін ұлы жиһадты.
Үшіншіден: өз нәпсіне жақтасуды қоюды.
Төртіншіден: өздерінің ерекше мән берген нәрсесі, «зүһдү» сөзінің мағынасы болып табылатын жеке бастың пайдасын ойламауды.
Бесіншіден: өздері әрдайым айтатын және Ислами мінездің өзегі саналатын махабатты, сүйіспеншілікті.
Олар ізбасарларын жұмсау арқылы еңбек ақыларын алды деп ойлаймын. Енді бізге қызмет етулері керек, бұл олардың міндеті.
Олай болса, я төбемізден түссін, я болмаса қырсығу, ғайбат, жақ-жақ болып бөлінуді қойсын. Өйткені бұл кейбір адасқандар мен бидғатшы топтардың ортаға шығуына, кейбір бидғатшы машайықтардың өсіп-өнуіне себеп болады.
Егер адамның мақсаты мен мұраты - рухани кемелдікке ұмтылу, бірігуге шақыру, қоршаған ортасына махабат ету және менмендігі мен өктемшілдігін тастап кішіпейілділік жолын таңдау болса - мұндай адам шынымен шейх яғни, рухани ұстаз болуға лайық шығар.
Алайда, өзін өзгеден жоғары қойюға ұмтылса, шәкірттеріне ерекше махабатын көрсетіп, басқаларға дұшпандық етсе, өз ұстанымымен ғана шектеліп басқалардың пікірімен санаспаса, өзгелермен пікір қайшылығына түсіп, алауыздыққа себеп болса - онда ол, сақалды бала, шала-пұла пір сымақ, қойдың терісін жамылған қасқыр секілді басшылыққа ұмтылғысы келіп жүрген муташәйх яғни, шейх болуды армандап жүрген лайықсыз адам болады.
P/S Иә, мен тиіссем, бұл оларға қарсылығым емес әрі кедергі де туғызбайды, керісінше пайдалы. Өйткені олардың киімін киіп алып лайық емес, дүмшелер олардың қадірін түсірмесін дегенім.
Темур АМАНҚҰЛ
Исламтанушы, Ph.D докторы