ҚОРҚЫТ АТА

29 сәуір 2025 99 0
Оқу режимі

Қорқыт ата — түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырауқобызшы. Қорқыт сөзі «Һорқұт» сөзінен шыққан. «Хор» деген көне түркі тіліндегі «Өр» деген сөз, «Һор» деп те айтылған. Ал, «құт», ол кәдімгі «құт», «береке», «игілік» деген сөз. Демек, Қорқұт сөзі «жоғарыдан келген құт» деген мағынада. Бірақ, қазақ тілінде ол Қорқыт болып, кейін осы атаудан талай аңыз-ертегілер туындаған.

Қорқыт ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әртүрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда, зерттеулердің көпшілігі Қорқыт ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде 10 ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды.

Рашид әд-Дин “Жамиғ Ат-Тауарих” атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазының “Түрік шежіресінде” оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы айтылады.

Ә.Қоңыратбаевтың зерттеулерінде Қорқыт ата 11 ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе, Әлкей Марғұланның еңбектерінде ол 7 – 8 ғасыр аралығында өмір сүрді деген пікір айтылады. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт ата– ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді.

Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсыабыз. Екіншіден – күйшіқобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның туылуына байланысты.

Қорқыт — түркілердің оғыз ұлысынан шыққан асқан сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерлерінің атасы болып табылады.

***

Қанша қалың жауса да қар қыстағы,

Көктем келе ерір қалмай пұшпағы.

***

Асып-тасып аққанымен дария,

Теңіз болып кетпесі де жария.

***

Қамшыламай астыңдағы атыңды,

Жарымассың жол да жүріп татымды.

***

Ұл – әкенің көшірмесі өзінің,

Басындағы сыңары ғой көзінің.

***

Таудай биік ізгілікке ұмтылатын жігіттер,

Жан-жағына қамқор болып қолдап-қоштап жүреді.

Өзі сынды болсын дейді соңындағы үміткер,

Қолын салмас өзгелердің үлесіне бір елі.

***

Ақиқатты өне бойы айтқаныңша шырылдап,

Бірге өмір сүрген жақсы ақиқатпен бір уақ.

***

Жиын-тойға киіп барған сан өрнекті шапаннан,

Көрмедім мен ешкімді де содан мырза атанған.

***

Әкесінің соңына қалдырары болмаса,

Ондай ұлға, қанеки, қандай кінә тақпақсың?

Құндылығын әкенің ұлы егер алмаса,

Кірмес басқа ақылды қалай ғана жақпақсың?

***

Айтпағанға «Алла» деп,

Жатпас олжа жолда тек.

***

Үйренбей ұл әкесінің өнерін,

Отбасының келтіре алмас мәнерін.

Қыз тәрбие алмай ана жанында,

Сақтай алмас намысы мен арын да.

***

Қонақ келмес зәулім-зәулім сарайдан,

Артығырақ үйсіз болып жүргенің.

Ақымақ ұл масқаралар талайға,

Ұлсыз жақсы өміріңді сүргенің.

***

Сыйлай алмас Құдайын –

Бай болмайды ылайым.

***

Шын көңілмен елдің жайын ойламай,

Қиындықтан құтылмақсың сен қалай?

***

Жан менсінбес тәкаппарды былай да,

Ешқашанда сүйе алмас Құдай да.

***

Көп қашан да сесіменен қорқытар,

Терең су да толқынында батырар.

Жаяу адам шығара алмас шаң тұтар,

Жалғыз жанға жеткізбес Ай жарқырар.

***

Ат үстінде жүре алмас адамға,

Қиын жолға шықпаған жөн ғаламда.

Қорқақ болсаң қылышыңды сілтеме,

Мықты жігіт жармаспайды білтеге.

***

Қонақ келмес үй айналсын молаға,

Жылқы жемес шөп өспесін қорада.

Адам ішпес су ақпасын далада.

***

Әкесінің атына кір келтірер,

Ұл туғаннан тумағаны жақсырақ.

Әке даңқын ұлықтайды еркін ер,

Құрметтегін ондай жанды жақсылап.

***

Жақсылық қой өтірік сөз болмаса,

Мың сауап бар шыншыл жанды қолдаса.

***

Аң біледі жайылымның жақсысын,

Қуырады құлан жонның апшысын,

Қиындықта белі талай майысқан,

Түйе білер алыс жолдың нақтысын.

***

Аңғарлардың жықпылын жортқан түлкі біледі,

Керуенді сілтейді бозторғайдың жүрегі.

Бала кімнен болғаны анасының сыры еді.

***

Ер-тоқымның батқанын егесі емес, ат білер,

Ауыр жүктің салмағын артқан қашыр нақ білер,

Суы балдай бұлақты секеңдеген лақ білер.

***

Ер мақтансын, мақтанғысы келгенде,

Өйткені ол арыстандай айбатты.

Жараспайды әйелге ол жөндемде,

Мақтанғанмен еркек болмас қайратты.

***

Жатқан жанның арты жыртылады.

***

Ұзағырақ шайна етті жегенде,

Ішкейсің сен суды шөліркегенде.

Құпияңды жүрегіңде сақтағын,

Айта бермей досым ғой бұл дегенге.

***

Ата-анасы аямаса бауыр басқан баласын,

Ал баласы құрметтемей жүрсе ата-анасын,

Ұл сөйлесе дәл қасында тұрған шақта әкесі,

Қыз бұйырса аштырмастан аузын жауып анасын,

Менің өмір сүргім келмес уақыттың келгені.

 

Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ

 

Пікірлер Кіру