ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚҰРБАН

Құрбан мерекесі құтты болсын!
Айд ал адха... бұл мереке қажылық рәсімінің аяқталуын да білдіреді. Иасауи өзінің Фақрнама атты рисаласында Ибрахим пайғамбарды атамыз деп айтады. Әрине бар пайғамбар атамыз, бәрінің мақамы бар дейді. Ибрахим пайғамбар ерекше аталады. Ол “қурб” мақамының үлгісі. Яғни Аллаға жақын болудың үлгісі. Қажылық және құрбан. Екеуі де Аллаға зиярат оған жақын болуды бейнелейтін діни рәсімдер. Діни рәсімдердің барлығы Аллаға бағытталады.
Яғни жол… сунна, шариғат, тариқат … бәрі жол. Осылардың ішіндегі ең үлкен жол көңілге жасалған зиярат. Адамның көңілі ең үлкен мақам. Оны ренжіту, көңіл қалдыру Қағбаны қиратумен тең. Көңілге зиярат Меккеге зияраттан абзал. Ал енді құрбандық шалу тек қан шығару емес.
Мәселе тақуалық, Алла мен көңілің арасындағы қатынас- үмітке толы қорқу, ризалық, садақат-шынайылық… тек дүниемді паш етейін деп құрбан кессеңіз, оның қаны да, еті де, ниетіңе сай болмай қалады.
Тақуалық ең алдымен өзіңді тану, нәпсіңді жеңу, Аллаға барар жолдағы өз кедергіңді тізгіндеу, пида ету…
Нәпсінің сыбырына құлақ аспау….
Аллаға жақын муқарраб болу ең алдымен өз нәпсіңді өлтіру. Өлтіру деген “мені мен менікі” арасындағы сатылар. Өлімнің сопылықта түрлері көп.
Нәпсі деген арамшөп, күнде бақылап отырмасаң, қаулап кетеді, өлді дегенің басқаша тіріліп шыға келеді…
Сондықтан Иасауи атамыз, мурақаба- өзіңді өзің бақылауды арнайы психотехника ретінде белгілеп көрсетеді. Ол үшін мужахада- өзіңмен өзің күресу шарт…
Құрбан айт құтты болсын!
Досай КЕНЖЕТАЙ