НӘПСІМІЗДІҢ ЕМЕС, РУХЫМЫЗДЫҢ ҮСТЕМДІГІНДЕ БОЛАЙЫҚ

10 сәуір 2025 700 0
Оқу режимі

«Жүрек жауһарының қадір-қасиеті мен өзгешелігі бойында – періштелік ерекшеліктің бар болуынан. Бұл ерекшелік хайуандарда жоқ», – дейді Имам Ғазали.

Біздің жүрек деп отырғанымыз кеудеміздің сол жақ тұсындағы ет жүрек емес, ол ет жүрек хайуанда да бар. Бұл – сол ет жүректі паналаған көңіл немесе қалб деп аталатын бір жауһар.

Алланың қалауы және әмірімен бірқатар періштелерге материалдық әлемге ықпал ету міндеті берілген. Мәселен, жаңбыр жаудыру, жел соқтыру, жан иелеріне ананың құрсағында кескін-келбет беру, өсімдіктерге түр-түс беріп, өсіру секілді қызметтер бірқатар періштелерге жүктелген.

Енді қараңыз, адамның жүрегі де періштелік жауһардан болғаны үшін оның да бірқатар материалдық әлемге ықпалы жүріп, әмірі өтеді.

Әлбетте, «дене» атты мемлекеттің патшасы болғандықтан, өзге мүшелердің оған мойынсұнулары шарт.

Саусаққа әмір еткенде, саусақ қимылдайды. Басқа бұйрық бергенде бас бұрылады.

Сол секілді жүректе ашу көрініс тапқанда жеті ағзадағы тамырлар одырайып, қан шапшиды. Бұл хал періштелердің ықпалымен жаңбырдың жаууына ұқсайды.

Жүректе шәһуат пайда болғанда жел секілді бір самал пайда болып, шәһуат ағзаларына қарай еседі.

Тамақ жеу деген ой пайда болғанда, тілдің астындағы күш әрекетке көшіп, сілекей бездерінен түкірік бөлінеді.

Міне, осы секілді жүректің ықпалы кейбір материалдық дүниелерге әсер етеді. Ал оның әсер ету күші періштелік жауһарға жақындығына байланысты.

Адам «періштедей» болған сайын оның әсер етуі де соншалықты күшті болмақ. Тіпті, кейде өз денесінен тыс дүниелерге де ықпал ете алатын жағдайға жетеді. Мәселен, ауруға назарын салғанда, ауру жазылып кетеді, арыстанға назарын салғанда арыстан бойұсынатын болады дегендей. Мұны қазақ, тіпті, «мысы бар», «мысы басым» деп те айтады.

Арыстан демекші, баяғыда бір батыр қамыстың арасында келе жатып, өзіне атылған арыстанды алып соғып, ерлігіне масаттанып, әкесінің алдына тастапты. Сонда әкесі: «Е, балам! Мына мысықтың өзіңе атылғанына қарап, адамнан мыс кете бастаған екен ғой дедім. Біздің кезімізде бұл мысық құйрығын бұтына қыстырып, атылмақ түгілі қорыққаннан бұғып жатушы еді», – деген екен. Міне, адам жүректі де рухты болған кезде оның мысы өзгелерге де әсер етеді.

«Енді, жүрек үнемі жағымды әсер ете ме?» дегенге келсек, ол – жүректің халіне байланысты.

Жүрекке әкесі болған рух үстемдік етсе, жүректен жағымды әсерлер шығады. Ал шешесі болған нәпсі үстемдік етсе, онда ол жүрек жағымсыз әсер етеді. Көз тию, тіл тию, дуалау, сиқырлау дегендердің барлығы нәпсі үстемдік құрған, теріс төңкерілген жүректен шығады. Мұндай жүректен шыққан назар ерді мазарға, түйені қазанға салады.

Міне, бұлардың барлығы жүректің таңғажайып құдіретінен. Мұндай ерекшелігі бар адам егер пайғамбар болса, онда одан мұғжиза шығады, әулие болса, керемет шығады.

Ал егер қайырсыз, жаман халдер шығатын болса, онда ол сиқыршы болғаны.

Ендеше нәпсіміздің емес, рухымыздың үстемдігінде болайық! Рухты болайық!

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру