Намазым қаза болды (3-бөлім)

«Бір күні оқимын...»
Мен намаз оқитындар қатарында болуды армандадым. Жүрегімде бір сенім бар еді – егер намаз оқи бастасам, өмірім де бақытқа, тыныштыққа толар еді. Бұл жайлы мен ғана емес, талай адам айтып жүр. Намаз оқымайтын біраз таныстарым да: «Бәрі орнына келу үшін, тек намаз оқу ғана жетіспейді...», – дейтін. Бірақ біз сонда да оқымадық. Бұл расында да таңғаларлық жағдай емес пе? Бақыт пен тыныштықтың жолын біліп тұрып, қалайша сол жолға түспейміз?
Неге біз намаздың шынайы рахат пен тыныштық сыйлайтынын мойындасақ та, оны өмірімізге енгізбей келеміз? Осы сұрақтың түбіне үңілгенімде, ең үлкен себепті таптым: мен өзіме арнап «Бір күні» деген әлем құрып алған екенмін. Бұл – тек мен емес, көп намаз оқымайтындардың да мекені. Бұл әлемде біз бәрі өзінен-өзі орнына келеді деп күтеміз. Бір күні намаз бастаймын дейміз. Бір күні бәрі түзеледі деп үміттенеміз. Нәпсім қозғанда, өзімді былай жұбатамын: «Бір күні мен таң намазына тұрамын, Бір күні мен мешітке барып, барлық намазды уақытында оқитын боламын, Келер Рамазан айынан бастап өзгеремін, Бір күні бәрі басқаша болады...». Осылай өмір өтіп барады. Бұл «Бір күні» атты әлемнің ресми тілі – сылтаулар. Таң намазына тұру маған қиын, жұмыс тәртібі тығыз, шаршаймын, бір күн намаз өткізіп алсам, бәрінен үмітімді үзіп кетем, менде «хұшу» (беріліп оқу) жоқ, оқи алмаймын. Жүздеген сылтау бар...
Тағы бір сылтау – басқалар неге намазға тұрақты? Потому что олар ерекше жаратылған. Оларға Алла ерекше күш берген. Бір күні Алла маған да сондай рухани күш береді деп үміттенем. Мен әрдайым өзімді олардан бөлек санадым. Олар намазды еш қиналмай оқиды, ал мен үшін бұл – үлкен күрес. Сол себепті мен өзімнің намазға «дайын» болатын күнді күтіп жүрдім. Бәрі өзгеріп шыға келетін бір тылсым түнді күттім. Бірақ ол түн ешқашан келген жоқ. Жылдар бойы мен сол «бір күні» атты алдамшы әлемде өмір сүрдім.
Бірақ бір күні мынадай сұрақ мазалады: Егер намаз – қияметте ең бірінші сұралатын амал болса, оны орындау тек ерекше адамдарға ғана бұйырса – онда әділдік қайда қалды? Егер намазды тек Алла қалаған пенделері ғана орындай алса, ал басқаларға намаз оқу бұйырмаса, сонда жазалау мен сауаптың мағынасы не? Сонда мен түсіндім: «Бір күні» деген күн ешқашан келмейді. Егер мен бәрі мінсіз болған кезде ғана намаз бастаймын десем, онда өмір бойы күтумен өтем. Сөйтіп, өмірім өтіп, амал дәптерімде тек санаулы ғана рүкүғ пен сәжде қалуы мүмкін...
Бұл – мені ең қатты толғандырған, мазалаған, оятқан ой болды. Мен бір нәрсені нақты түсіндім: егер мен де намаз оқитындардың қатарында болғым келсе – ең алдымен "Бір күні" деген жалған үміттен арылуым керек. Өйткені мен күтіп жүрген сол "күн" ешқашан келмейді. Оны ешкім әкелмейді. Ол күнді мен өзім жасауым керек. Иә, жолдың басы ауыр. Ең қиыны – сананы өзгерту. «Бір күні» деген үмітті санадан шығарып тастау. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек: "Бір күні" әлемінен шығу - бұл толығымен біздің өзімізге байланысты.
Егер біз әлі де "Бір күні бастаймын" деп үміттеніп жүрсек – демек, біз әлі де қате бағыттамыз. Бұл – адамды алға жетелемейтін, қайта тоқтатып тастайтын себептердің, сылтаулардың жолы. Бұл жолдың соңы – тек өкініш. Сондықтан мен бір нәрсені білем: егер шын жүректен өзгерткім келсе – мен «Бір күні» деген елестен шығуым керек. Енді сылтауға емес, нақты әрекетке қадам жасауым керек.
«Бастамасаң – болмайды»
Мен бір шындықты түсіндім: егер мен де намаз оқитындардың қатарында болғым келсе – ең алдымен "Бір күні" деген алдамшы әлемнен шығуым керек. Себебі ол "бір күн" ешқашан келмейді. Оны күтудің орнына, сол күнді өзім жасауыма тура келеді. Жолдың басы оңай емес, әрине. Басты кедергі – осы «бір күні» деген жалған үмітті санаңнан өшіру. Өйткені бұл – ішкі жалқаулықты, кейінге қалдыруды бүркемелейтін сынық көпір. Түсінуіміз керек: бәрі – өзімізге байланысты. Егер біз әлі де сол елес әлемде өмір сүріп жүрсек – демек, қате бағыттамыз. Онда – тек сылтаулар бар. Аяғы жоқ, үміті жоқ бағыт. Ал сол «бір күні» дейтін әлемнен шыға білген адам ғана – нағыз намаз жолына қадам баса алады. Себебі ол сылтауға емес, шешімге көшкен. Өзімізді: «Намазға кедергі неде?» деп емес, «Намазға не көмектеседі?» деп ойлауға үйретуіміз керек. Біз ақталу іздеуден емес, намыстану мен әрекетке көшуден бастауымыз керек. Міне, осы жол – адамды шын бақыт пен рухани тыныштыққа жетелейді.
Осы жазбалардың басты мақсаты да – ақталуға себеп емес, әрекетке себеп табуға үндеу. (Жалғасы бар...)
«Фәтәтни Сола» / Аударған Ерсайын Қабылқанұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы