ИАСАУИДЕ “МАХДИ АУРУЫ” ЖОҚ!

2011 жыл. Жаз. Батыстан шыққан теракт тізбегі Оңтүстікті басып өтіп Алматыдан бұрқ еткен. Телефон соғылды. Сіз ертең Шымкентке жабық қауіпсіздік жиналысына шақырылдыңыз. Бардым. Төраға Асқар Мырзахметов - обл әкімі. Қатысушылар- аудан, қала әкімдері, қауіпсіздік басшылары, сот, прокурорлар мен эксперт ғалымдар. Облыстық қауіпсіздік және дін басшылары бес минуттан баяндама жасады. Мен де шығып, оларды жиырма бес минут сынадым. Мәселе мынау: баяндамада, “оңтүстіктегі салафилер” саны ғана қамтылған. Отырарда 5, Темірланда 7, Ленгерде 12, Кентауда 11, Түркістанда 9… деген сияқты статистика. Менің сыным: бұл діни танымдық құбылыс. Бұл құбылыстың орталығында шайх, яки ұстазы орын алады. Сіз осы тұрғыдан сарап жасауыңыз керек.
Әйтпесе сіз баяндағандай, анау қырда бес қырғауыл, мына сайда он екі қырғауыл дегендей әсер қалдырады. Сіз әр аймақтағы “салафи ұстаздарын” яғни орталықтарын нақтылаңыз, болды, қалғаны не істеу керектігіне жол ашады дедім. Жауап жоқ. Содан олардың дінді тануға әлсіз екендіктерін, ғылыми методикалық тетіктің осалдығын айтып сынадым. Расында, кез келген жамағат ол діни танымдық орталық деген сөз. Оның басты компоненті шайх және муриттері.
Бұл әсіресе тариқатта өте нақты көрініс табады. Оған қоса “ фана фи шайх” яғни, ұстаздың еркіне өзін арнаған муридтер жамағаты деген сөз. Бүгін Сматулланың “ Махди” идеясы тек өзінің жеке сенімі ғой деп мені жолға салғысы келген муридінің әңгімесінен соң жазуға тура келді. Жоқ бұл идея, бүгінгі “Сматуллахия” жамағатының платформасы. Яғни, қазақ мемлекеттілігін, Ресейдің мүддесі мен махдидің баласы путинге табыстау идеясы..
Неге бұл мәселе мен үшін маңызды? Себебі Сматулахия сопылық жамағаты өздерін “ Иасауи жолымен” идентификация жасау арқылы, қазақ қоғамынан орын алуды көздейді. Расында “Иасауи тариқаты” мен “Сматулла жамағатының” арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Мысалы Иасауиде “ махди” идеясы жоқ. Ол әлемді өзгерту емес, адамды өзгертуді мақсат етеді. Эпистемиологиясы ішке бағытталған. Адамды кемелдікке, ішкі еркіндікке бағыттайды. Таза сопылық мақсаты осы. Ал саясиланған, бұзылған сопылық жолда махди ауруы дендеп кеткен… махди күту- саяси ислам тақырыбы. Бүгінге дейін исламда,тарихта мың бес жүзге жуық “махди түскен”…
Осылай құтқарыламыз деп талай билік, мемлекет тарих сахнасынан қоштасып кеткен. Махдилері де өлім құшқан.. Мақсатым- бүгін де, Махди күтіп, путинизмге еріп, мына аманат отанды қияли шайхтың сандырағымен, басқа бір мемлекеттің боданына итермелеуден сақтандыру…
Иасауи жолында “заман, макан, ихуан жәнн рабт и султа” шарты бар. Мұндағы рабти султан- мемлекетке адалдық ұстанымы…
Міне осыдан ақ, Иасауи тариқаты мен Сматулла тобының арасындағы ұстанымдарды ажыратуға болады. Ал зікір- ол метод, яғни риязат- психотехника. Жахри- жария дауыстап салу. Бұл Иасауиден басқа Қадирия, Чиштия, Сухрауардия, Кубрауия және тб тариқаттарда бар метод. Бәрі жахри. Сматулла да жахри екен деп екеуін (Иасауия) бір деп тану жөн емес. Иасауиде “Махди ауруы” жоқ!
Досай КЕНЖЕТАЙ