ДӘЛЕЛІҢ БАР МА?

22 сәуір 2025 132 0
Оқу режимі

Дініміз өтірік айтқанды қоштамайды. Сондықтан шынайы мұсылмандарда бір адам екінші біреуге өтірік айтады-ау деген ұғым да, түсінік те болмайды. Осы болмыс дәстүрлі дінімізді ұстанған біздің ата-бабаларымызға тән еді. Сондықтан да олар "өгіз туды" десе де иланатын. Ал сенім - иманнан. Ислам тариxын қаузайтын не бір әфсана, xиса, дастандар бар. Қиял-ғажайып, аңыз әңгімелер де жетіп артылады. Көнекөз қариялар соларды көзіне жас алып отырып тыңдаушы еді. Аңғалдық та соларға тән болатын.

Біртіндеп заман өзгерді. Дінсіздер бой көрсете бастады. Аңғал қазақты сол дінсіздер ұршықша иірді. Себебі олар әлгі қулар не айтса да илана беруші еді. "Неге олай?" "Олай болуы мүмкін емес" дейтін түсініктер олар ұғымында мүлде болмайтын.

Ал қазір әлемде жаңа діни түсінік қалыптасты. Олар басқа емес, сөзіңнің дәлелі болмаса Пайғамбар айтты десең де сенбейді. Оларға Құдайдың жөн сөзін айтсаң да дәлел келтір дейді. Осындай екіұдай пікір әу бастан бар. Мәселен біз Пайғамбарымыздың (сғс) миғражға көтеріліп, Алламен тілдесіп қайтқандығына иман келтіреміз. Бұл оқиғаға кезінде саxабалар шүбәсіз сенсе, мүшіріктер дәлел сұраған. Қазір дүние басқа бағытқа бұрылып кетті. Бұл күнде дәлелді өздерін таза мұсылманбыз дейтіндер сұрайтын болды да, ал дәлелді әлгі дінсіз мүшірік ғалымдар келтіретін болды.

Біз "Мына әлемнің негізі - әруақ" дейміз. Әлгі діндәрлар: "Дәлелің бар ма?" дейді. Біз мүшірік ғалымдар тапқан антиматерияны көлденең тартамыз. Ондай дәлелдер Құранда да бар. Бірақ олар әлгілер көзіне көрінбейді дә. Мынандай бір тәмсіл бар.

Бір заманда Хорасанда Пайғамбарымыз (сғс) әулетінен (әhлі бәйт) болған бір әйелдің күйеуі қайтыс болып, үш баласымен жесір қалады. Күнкөрісі қиындаған соң көрші қалаға барып, бір мешітті паналайды. Балаларын сол мешітте қалдырып, өзі сол қалада діндарлығымен аты шыққан бір байға барып: "Әhлі бәйттан едім, Пайғамбарымыздың (сғс) құрметі үшін көмек көрсетсеңіз екен" деп, өтініш жасайды. Сонда бай оған: "Әhлі бәйттан екеніңе дәлел келтір" деп, көмек көрсетпейді. Көшеде қапа болып келе жатқан оған бір мәжуси жолығып, одан неге ренжіп келе жатқандығының себебін сұрайды. Әйел оған өзінің бар жағдайын айтып шығады. Әлгі адам оны балаларымен бірге үйіне алып барып, қонақ етеді. Сол түні бай мұсылман түс көреді. Түсінде қиямет болыпты. Ол Пайғамбарымыздың бір керемет сарайдың қасында тұрғанын көреді де: "Бұл кімге тиесілі сарай?" деп сұрайды. Пайғамбарымыз: "Бір мұсылмандыкі" дейді. Сонда бай: "Мен сондай дініме берік, ғибадатты өте көп жасаған мұсылманын" дегенде, Пайғамбарымыз: "Маған бұған байланысты дәлел келтір" дейді де, оның өз нәсілінен шыққан әйелді балаларымен далада қалдырғанын қаперіне салады. Не айтарын білмей әбіржіген бай ұйқысынан шошып оянады. Орнынан тұра сала әлгі әйелді іздеп шығады. Олардың мәжусидің үйінде екендігін білген соң сол үйге барып, одан әйелді қайтаруын сұрайды. Сонда ол: "Осы әулеттің арқасында үйіме береке кірді. Өзім де ислам дінін қабылдадым. Сондықтан бұл құтты қонағымды сізге бере алмаймын" дейді. Бай болса "Бер де бердің" астына алып, өзеуреп қоймайды. Сол кезде әлгі адам: " Сен қол жеткізбек болып соңынан жүгіріп жүрген сарайды түсімде мен де көргенмін. Пағамбарымыз: "Менің әулетімнен болған жесір әйел сенің үйіңде ме?" деп сұрады. Мен: "Иә" дедім. Пайғамбарымыз: "Ендеше мына сарай сеніңкі" деді деп, өз қонақтарынан ешқашан айырылмайтындығын кесіп айтады.

Білген жөн. Иман дегеніміз - сенім. Ал кез келген сенім ақиқатқа айналады.Себебі, ол - Аллаға деген сенім. Ал күмән - Алла мүмкіндігін жоққа шығару болып табылады. Сондықтан сенейік. Иман келтірейік. Алла мүмкіндігінің шексіз екендігіне.Еш дәлелсіз.

 

Құдияр  БІЛӘЛ

Пікірлер Кіру