БИРУНИ

28 сәуір 2025 78 0
Оқу режимі

Әбу Райхан Мұхаммед ибн Ахмет әл-Бируни (араб.: أَبُو الرَّيْحَانِ مُحَمَّدٌ بْنُ أَحْمَدَ البِيرُونِيّ‎; 4 қазан 973 жыл, Қият 9 желтоқсан 1050 жыл, Ғазни) ортаазиялық энциклопедист-ғалым. Қият қаласының іргесіндегі ауылда дүниеге келді. Тәжірибелік жаратылыстану білімнің негізін қалаушылардың бірі, ғылым мен діннің шекарасын ажыратуды қарастырды.

***

Жер дөңгелек болмаса бұл егерде,

Сенбесеңіз айналады дегенге,

Болмас еді «Күн-Түн» деген ұғым да,

Бірыңғай түн не күн болар шынында.

***

Жұмсағанда ақшаларын ғалым жан,

Әр затын да саралайды алынған.

***

Өнері мен ғылымы әр халықты,

Ерекшелеп өзгелерге танытты.

***

Жомарт жанның басында бұл бақ тұрар,

Жұрт алдында қадірін де арттырар.

***

Басталуы ащы болар ілімнің,

Балдан тәтті болар сосын бүгінгің.

***

Білімді жанның шықпас жандар қасынан,

Білімсіз жандар жалғыздық кешер басынан.

***

Абдулла айтты: «Байқап жүрмін мен көптен,

Сараңдық пен байлық деген бір кептен.

Ауру сынды айықпастай асқынған,

Ауырмайтын байлар сирек бұл дертпен.

***

Мен үшін де әдет-ғұрпы қасиетті өзгенің,

Сенімдерін ешқашанда келмейді ғой тездегім.

Қандай сенім ұстанса да әркімнің де хақы бар,

Жаратушы төбемізде бәрімізді бақылар.

***

Кез келген жан байлыққа бұл қол жеткізе алады,

Байлықпенен орындалмас бақыттың бар талабы.

***

Шыдамдылық – қуаныш пен тыныштықтың кілті бұл,

Өркендейді шаңырағың, шашып тұрар сырты нұр.

***

Дана жұрттың билеушісі дана болып келеді,

Соқыр болған надан жандар ақымақ шахқа ереді.

***

Христиандық философия озық ойлы ғажап-ақ,

Бірақ оның басшылары жол білмейтін азамат.

Император Константин басқаруда қылышпен,

Өз соңынан ермегенді қаталдықпен жазалап.

***

Ішіп-жейді византиялық жандар да,

Сонысы үшін құр еліктеп сандалма.

***

Өтіріктен аулақ болып, ұстанған жан шындықты,

Лайықты құрмет пенен мадақтарға ең мықты.

Шындықты айт, мейлі қарсы болса дағы өзіңе,

Ешқашан да басыңнан сен кешпейсің ғой сұмдықты.

***

Менсінбейді бұл үндістер өз елінен басқаны,

Лас болып көрінеді өзге ұлттың аспаны.

Олар үшін патшасының ешқандайда міні жоқ,

Артық көрер өз діндерін өзге діннен ірі деп.

Тата алмай жүрсе дағы бұл өмірдің шырынын,

Ұлықтайды артта қалған өздерінің ғылымын.

***

Сұрақ:

«Бай есігі босамайды әрқашанда ғалымнан,

Байды неге біз көрмейміз ғалымдарға ағылған?»

Жауап:

«Ақша құнын білетұғын ғалымды жұрт күндейді,

Бірақ байлар ілімнің бұл тектілігін білмейді».

 

Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ

 

Пікірлер Кіру