Балаңа ашуың келгенде (Мейірім мен саналы тәрбие жолына қалай қайта оралуға болады?)

22 маусым 2025 39 0
Оқу режимі

Бұл дүниедегі әр ана мен әр әке тәрбиелік жолын махаббат пен жақсы ниетпен бастайды. Баламыз бізге тіл алғыш, сабырлы, мейірімді, ақылымызды тыңдайтын болып өссе деп армандаймыз. Алайда ол - біз олағаннан әлдеқайда күрделі әрі жүрек ауыртарлық.

Бұл мақала — шаршап, айқайлап қойған соң өзін кінәлі сезінетін анаға жазылған хат. Бұл — қатты ұрысып қойған соң жүрегі сыздаған әкеге арналған үн. Бұл — құрғақ уағыз да емес, құр теория да емес. Бұл — жүректен шыққан, жүрекке жететін сөз. Онда біз бірге көз жас, ашу, үміт, сабырға оралу мен саналы тәрбие туралы ой бөлісеміз — Исламның нұрымен, ақылдың парасатымен және табиғи мейіріммен.

Неге біз ашуға ерік береміз?

Өйткені біз – адамбыз. Ал ашу — адам табиғатының бір бөлігі. Өйткені біз шаршаймыз. Баламыз біздің ішкі ауыртпалығымызды түсінсе дейміз. Өйткені біз қорқамыз. Олар ертең бізді тыңдамай кетсе ше? Өйткені біз өзіміз де қатал тәрбие көріп өскенбіз, сол үлгіні еріксіз қайталауымыз мүмкін. Бірақ осының ешқайсысы біздің үйімізді соғыс алаңына айналдыруға, ашуды қарым-қатынастың тұрақты тәсілі етуге себеп бола алмайды.

Сен айқайлаған кезде балаң не сезінеді?

Бала сенің не айтқаныңды емес, қалай айтқаныңды естиді. Ол сенің сөзіңді емес, қорқынышты естиді, кейде ренішті, кейде қарсылықты. Сөйтіп жүрегінің айналасына қалың қабырға тұрғыза бастайды — қырсықтығынан емес, жан жарасынан қорғану үшін. Пайғамбарымыз ﷺ – бізге ең көркем үлгі. Алла Тағала оған: «Енді Алланың рақымымен сен оларға жұмсақ болдың. Егер сен дөрекі, тасжүрек болғаныңда, олар сенің айналаңнан тарасып кетер еді». (Әли-Имран, 159). Ал енді Алла Елшісінің (с.а.с) өзі жұмсақтыққа бұйырылған болса – біз ше?

Балаңыздың теріс мінезінің себебі не болуы мүмкін?

Баламызды «қиын бала» деп атамас бұрын, өзімізге мына сұрақтарды қояйық: Ол өз үйінде қауіпсіздікті сезіне ме? Оған махаббатымды тек «тыңдаған кезде» ғана білдіріп жүрмін бе? Мектепте қиындықтары бар ма? Достарымен проблемасы бар ма? Ішкі жан қысымын сөзбен жеткізе алмай, мінезбен көрсетіп жүр ме? Көп жағдайда, жаман мінез — бұл баланың жан айқайы. Ол жай ғана: «Менің жаным ауырып тұр…» дегісі келеді. Бірақ оны сөзбен айта алмайды.

Бала қиғылық салғанда не істеу керек?

1. Ашу үстінде тоқта: Ашуың қозған сәтте үндеме. Терең тыныс алып, бөлмеден шығып кет. Ашуға сабыр — ғибадат; 2. Ашу — от секілді: Алдымен өзіңді өртейді. Сөйлеспес бұрын, ашуды сөндір; 3. Сөйлесуді кейінге қалдыр, бірақ махаббатты емес: «Мен қазір ашулымын, кейін сөйлесеміз» де. Сабырға келген соң — сабырмен, бірақ нық сөйлес; 4. Айқайдың орнына – байсалдылық: Мысалы, «Мен бұл әрекетке қарсымын, салдары болады» де. «Неге сен ылғи осылайсың?! Түсінбейсің бе?!» деп айқайламай; 5. Баланың әрекетін – оның болмысынан бөліп қара: «Сенің жасағаның — дұрыс емес», бірақ «Сен жамансың» деме; 6. Шартсыз махаббат білдір: «Мен сені қатеңе қарамастан жақсы көремін. Бірақ қатені қабылдамаймын».

Қаталдық емес, жүрекпен және ақылмен тәрбие

Саналы тәрбие — жұмсақ болу деген сөз емес. Ол – жүрек пен ақылды қатар қолдану. Біз баламызды бізден емес, Алладан қорқуға үйретуіміз керек. Соқыр мойынсұнуды емес, жауапкершілікті үйретуіміз керек. Ашудан қашатын емес, сенім артатын ата-ана болуымыз керек. Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Жұмсақтық қандай нәрсеге берілсе, оны көркем етеді. Ал одан айырылған нәрсе көріксізденеді» (Муслим риуаяты)

Әр ана мен әкеге хат

«Сенің шаршағаныңды білемін… Қанша тырысатыныңды білемін… Әр айқайдан кейін өкініп, көз жасыңды тыға жылайтыныңды білемін… Бірақ ұмытпа — тәрбие деген ұзақ жол. Оның ішінде қателік те бар, шаршау да бар. Алайда әр рет сабырға қайта оралған сәт — аналық жеңіс. Әр құшақ — бір жанды тозақтан құтқаруы мүмкін.

Алладан түскен еске салу 

Алла Тағала «Рахманның құлдарын» сипаттағанда былай дейді: «Раббымыз! Бізге жарымыздан және ұрпағымыздан көздің қуанышын сыйла!». (Фурқан: 74) Яғни тек «салиқалы бала» емес, көз қуанышы болатын ұрпақ тілеу — дұғамыз болсын. Ол қуаныш – ашумен емес, жұмсақтықпен, дұғамен, үлгімен және махаббатпен келеді.

Үйің — жұмақ болсын

Үйің — мейірім, тыныштық, дұға мен құшақтау мекені болсын. Балаңның қатесін өзіңді жоғалтуға себеп етпе. Керісінше, сол қате арқылы баланы ақиқатқа өткізетін көпір бол. Ертең балаң өседі. Сенің айтқаныңды ұмытуы мүмкін. Бірақ қалай айтқаныңды – ешқашан ұмытпайды.

Бүгіннен баста… бір қадам: Айқайлама. Сонда ғажайыпты көресің!

Абдулахад Сманов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, PHD

Пікірлер Кіру