«Ар ойла, ақыл түзе» – Исламдағы ар-ождан мен ақылдың орны

12 сәуір 2025 390 0
Оқу режимі

Ислам діні адам баласын екі дүниеде де бақытты болуға жетелейтін кемел дін. Оның негізінде ар-ождан, әділдік, имандылық, парасаттылық секілді ұлы құндылықтар жатыр. Қазақ халқының «Ар ойла, ақыл түзе» деген нақылы – осы ұлы құндылықтармен үндес.

Ар – иманның айнасы

«Ар» – адамның ішкі рухани тазалығы, намысы, ұяты. Арлы адам – адал, әділетті, адамгершілігі мол адам. Арды сақтау – иманды адамның белгісі. Адамның ардақты болуы – оның ар-ожданы мен рухани мәртебесіне байланысты. Арды ойлау дегеніміз – ар алдында емес, Алла алдында ұялуды сезіну. Бұл – жүректегі тақуалықтың көрінісі.

Ақыл – адамды хайуаннан ажырататын ерекшелік

Ақыл – адамға берілген үлкен нығмет. Арды ойлаған адам – ақылын дұрыс қолдана біледі. Ал ақылын қолданбайтындар туралы Құранда Алла Тағала былай дейді: «Олардың жүректері бар, бірақ түсінбейді. Көздері бар, бірақ көрмейді. Құлақтары бар, бірақ естімейді. Олар – төрт түліктей, тіпті одан да адасқандар. Міне, олар (ақиқаттан бейхабар) ғапылдардың нақ өзі.» (Ағраф сүресі, 179-аят) Яғни, ардан айырылған, ақылын теріс жолға жұмсаған адам – ғапыл адам. Сол себепті «Ар ойла, ақыл түзе» деген – адаспаудың жолы.

Ардың бір көрінісі – ұят. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ұят – иманнан.» (Бухари, Муслим) деп айтады. Бұл жерде ұят – ар-ожданның айнасы, иманның бір тармағы екені анық айтылған. Яғни, арлы адам – иманды адам. Арсыз адам – иманнан алыстайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақылды – нәпсісін тежеп, ақырет үшін амал еткен адам.» (Тирмизи) Яғни, нағыз ақылды адам – арын, намысын сақтап, дүние емес, ақырет қамын жеген жан. Бұл хадис те «Ар ойла, ақыл түзе» дегенге үндейді.

«Ар ойла, ақыл түзе» – тек қазақтың ғана емес, күллі мұсылман үмбетінің ұраны болуға лайық сөз. Арды ойлау – иманды сақтау, ақылды түзеу – өміріңді ретке келтіру. Ислам дінінде ар мен ақыл – егіз ұғым. Ар мен ақыл біріккенде адам көркем мінезді, әділ, шыншыл әрі парасатты тұлғаға айналады.

Алла Тағала бәрімізге арлы да ақылды мұсылман болуды нәсіп етсін!

Қасым МАХМҰД,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Пікірлер Кіру