ЗҰЛХИЖЖА АЙЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

Зұлхижжа айының алғашқы он күні — рухани өрлеу мен шынайы құрбандықтың уақыты.
Исламда уақыт – үлкен нығмет әрі сынақ. Алла кейбір күндер мен түндерді басқа уақыттардан артық еткен. Солардың ішіндегі ең қасиетті әрі сауапқа толы күндер – Зұлхижжа айының алғашқы он күні. Бұл күндер – Алланың рақымы мен мейірімі ерекше төгілетін, жүрекке нұр құятын рухани өрлеу уақыты.
Бұл күндерге Алла серт еткен
Алла Тағала Құран Кәрімде: وَالْفَجْرِ. وَلَيَالٍ عَشْرٍ «Таңға серт! Және он түнге серт!», деген. («Фәжр» сүресі, 1, 2 - аят). Ғалымдардың көпшілігі бұл он түн деп Зұлхижжаның алғашқы он күнін меңзеген. Бұл күндерде жасалған әрбір амал – Алланың құзырында аса қымбат.
Ізгі амалдарға есік ашық
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бұл он күнде (Зұлхижжаның алғашқы он күнінде) жасалған ізгі амалдар – Алла Тағала үшін басқа кез келген күндердегі амалдан артық сүйікті». Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Алла жолындағы күрестен де артық па?» — деп сұрады. Пайғамбар ﷺ жауап берді: «Иә, тіпті Алла жолындағы күрестен де артық. Тек бір адам жанын және малын алып, Алла жолына шығып, сол жолда бәрін сарп етіп, ештеңесін алып қайтпаса ғана – сол ғана бұдан артық» (Бухари риуаят еткен). Бұл хадис амалдардың құндылығының шыңы дәл осы он күнде екенін білдіреді.
Құлшылықтың шыңы – рухани құрбандық
Жылына екі айт бар: Ораза айт – нәпсіні тізгіндеудің сыйы, Құрбан айт – шынайы құрбандықтың қуанышы. Құрбан айт – осы он күндегі құлшылықтардың рухани сүйіншісі. Мал шалу – тек сыртқы көрініс. Ал шынайы құрбандық – адамның өз нәпсісін, жаман мінездерін, арам ойларын, тәкаппарлығын, жалқаулығын Алла жолында құрбан етуі. Алла Тағала Құранда: «Олардың еттері де, қандары да Аллаға бармайды. Бірақ сендердің тақуалықтарың ғана Аллаға жетеді» (Хаж сүресі, 37-аят). Бұл – сыртқы амал емес, ішкі өзгеріс маңызды екенін білдіреді. Зұлхижжа — бұл ішкі төңкерістің, рухани жаңарудың, тазарудың кезеңі.
Бұл күндер – адамды қайтадан тірілтетін күндер
Қажылық осы он күн ішінде өтеді. Қажылықтың ең үлкен сыры – рухани тазару арқылы адам жаңадан туылғандай күнәсіз күйде оралуы. Пайғамбар ﷺ былай дейді: «Кім қажылығын Алла ризалығы үшін дұрыс орындаса, анасынан жаңа туғандай күнәсіз күйге қайтады» (Бұхари, 1521; Муслим, 1350) Ендеше, қажылыққа бармаған адам да бұл он күнді рухани қажылықтай өткізе алады.
Бұл күндерде:
• Шынайы тәубе жасау;
• Ораза ұстау (әсіресе Арафа күні);
• Намаз көбейту, Құран оқу, зікір айту, садақа беру;
• Алланы көп еске алып, жүректі тазартып, жаңа өмір бастауды ниет ету – барлығы рухани өрлеудің баспалдағы.
Құрбан айт – ішкі жаңғырудың сүйіншісі
Құрбан айт – тек ет пен қанды шашу емес, бұл – жүректі Аллаға арнау, шынайы өзгеріске бет бұрудың мерекесі. Бұл күндерде жаман мінездерді – тәкаппарлық, көреалмаушылық, еріншектік, дүниеқұмарлықты Алла жолында құрбан етіп, рухани тазаруға ұмтылу – әрбір мүминге парыз. Міне, осындай ішкі күрес пен шынайы құрбандық арқылы адам екі дүниеде де бақытты болады. Зұлхижжа айының алғашқы он күні – бұл амал мен иманның, рухани өрлеу мен тазарудың ең шұғылалы кезеңі. Бұл күндерді тек сырттай құлшылықпен емес, ішкі өзгеріспен, шынайы тәубемен, нәпсіні жеңуге деген ниетпен өткізейік. Себебі, шынайы құрбандық – жүректі Аллаға беру. Ал шын берілген жүрек – екі дүниенің де бақытын табады.
Ерсайын Сәкенов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, Әл-Әзһар университетінің түлегі