ЗҮЛХИЖЖА АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОН КҮНІНДЕ ҚАНДАЙ АМАЛДАР ЖАСАЙМЫЗ?

30 мамыр 2025 385 0
Оқу режимі

Игі істерге ұмтылудың ұлы мезгілдерінің бірі – Зүлхижжа айының алғашқы он күні. Алла Тағала бұл күндерді жылдың басқа барлық күндерінен артық еткен. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жеткізген хадисте былай делінеді: «Бұл (зулхижжа айының алғашқы) он күнінде жасалған ізгі амалдар Алла Тағалаға басқа күндердегі амалдарға қарағандв сүйікті.» (Бұхари риуаяты).

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деген: «Расында, Раббыларыңның күндерінің ішінде рақым желі есетін мезгілдері бар. Соларға ұмтылыңдар. Мүмкін, сендердің біріңе сол желден тиіп, екі дүниелік бақытқа кенелдіреді» (Табарани).

Бұл он күнде көп ізгі амал жасау – Құдайдың рақымына бөленудің мүмкіндігі. Намаз, ораза, Құран оқу, зікір айту, истиғфар (кешірім тілеу) сияқты ғибадаттарға көбірек көңіл бөлу керек.

Бұл күндердің артықшылығы бірнеше себепке байланысты:
    •    Алла Тағала бұл күндермен ант еткен: «Таңға серт! (Зулхижжа айындағы алғашқы) он күнге серт!» (Фәжр, 1–2). Ибн Аббас, Ибн Зубайр, Мужаһид және басқалар бұл түндер – Зүлхижжа айының алғашқы он түні екенін айтқан.
    •    Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл күндерді дүниедегі ең жақсы күндер деп сипаттаған.
    •    Бұл күндерде ізгі амалдар жасауға ерекше үндеген.
    •    Көп зікір айту – тәпсірлерде келгендей, Пайғамбарымыз: «Бұл күндерде Аллаға ең сүйікті іс – зікір айту: «Аллаһу әкбар, лә иләһә иллаллаһ, әлхамду лилләһ» деңдер» – деген (Ахмад).
    •    Бұл күндерде Арафа күні бар – онда дін кемеліне жеткен. Бұл күнде ораза ұстау екі жылдық күнәні жуып-шайып, кешіріледі.
    •    Бұл күндерде Құрбан айт және қажылық болады – бұл ғибадаттар басқа күндерде кездеспейтін ұлы амалдар.

Мұсылман бұл мүмкіндікті қалай пайдалануы керек:
    •    Ораза: Тоғыз күн ораза тұту – сүннет. Әсіресе Арафа күні.
    •    Зікір айту: Такбир, тахмид, тәлһил айту. Ер адамдар дауыстап, әйелдер іштерінен айтады.
    •    Қажылық: Қажылық пен умра – осы күндердің ең абзал істерінің бірі.
    •    Ізгі істер: Намаз, Құран оқу, садақа беру, ата-анаға жақсылық жасау, ағайын-туыспен қарым-қатынас, т.б.
    •    Құрбандық шалу: Алла разылығы үшін мал шалу – үлкен сауап.
    •    Шынайы тәубе: Бұл күндерде күнәдан арылып, шын жүректен тәубе ету – өте маңызды. Өйткені ажал күтпейді.

Мүмін бұл күндердің қадірін біліп, барынша сауап жинауға тырысуы керек. Ізгі амалдарға асығу, күндізді құр өткізбей, әрбір сәтті Алланың разылығына пайдалануға ұмтылу – нағыз жетістік. Өйткені, Пайғамбарымыз айтқандай: «Кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса – соны көреді. Кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса – соны көреді» («Залзала» сүресі: 7–8).\

Абдулахад СМАНОВ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, PHD доктор

Пікірлер Кіру