Зұлхижжа айының 5-күні: Зүл-хижжа айы – тәкаппарлық пен менмендікті құрбан ету мезгілі

Тәкаппарлық – өзіңді өзгеден артық көру, өзгелерді менсінбеу, өзін жоғары қою. Бұл – адамды қоғамнан оқшаулап, бақытсыздыққа әкелетін сипат. Тәкаппар адамды ешкім ұнатпайды. Себебі ол мейірімділік пен қарапайымдылықтан ада болады. Тәкаппарлық – жүрекке түскен аса ауыр дерт. Бұл дерт Ибілісті Алланың рақымынан мәңгілікке алыстатып, лағынетке ұшыратты. Ибіліс өзінің тәкәппарлығымен Адамға сәжде етуден бас тартты. Алла Тағала Құранда: «Иблис: "Мен одан артықпын. Мені оттан жараттың, ал оны топырақтан жараттың", – деді» (Ағраф сүресі, 12-аят) деп оның астамшылдығын әшкере етті. Тәкаппарлық – адамдардың Аллаға иман келтіруіне ең үлкен тосқауылдардың бірі. Өйткені тәкәппар адам хақ сөзді қабылдауға мойынсұнбайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл туралы: «Жүрегінде тозаңдай тәкәппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді» (Муслим, Иман, 147) деп ескерткен.
Тәкаппарлық адамның жүрегін қарайтып, көзін соқыр, құлағын керең етеді. Мұндай жүрек ақиқатты танымайды, мейірімділікті сезбейді. Тәкаппарлық – өзіңді ғана жоғары көріп, өзгелерді елемеуге итермелейтін, адамның жүрегін тасқа айналдыратын рухани індет. Бұл дертке шалдыққан адам басқалардың пікірін қабылдамайды, тіпті өзінің қателігін де мойындамайды. Ол өзін барша жаратылыстан жоғары қойып, уақыт өте келе тіпті Құдайдың орнына өзін қойғысы келеді. Мұндай мысалды тарихтан көруге болады. Перғауын халыққа: «Мен сендердің ең ұлы Раббыларыңмын» (Нәзиғат сүресі, 24-аят) деген. Алла Тағала оны мысал ете отырып, тәкәппарлықтың түбі – апат екенін үйретеді.
Тәкәппар адам қоғамнан алыстап, айналасына тек зиян келтіреді. Ол өзгеге жанашыр болмайды, шын жүректен жәрдем бермейді. Ондай адамның жүрегінде тыныштық болмайды. Жүрегінен қуаныш кеткен жан өмірдің қызығын сезіне алмайды. Қанша байлық, атақ-даңқ иесі болса да, көңілі мазасыз, жаны күйзелісте болады. Себебі Алла Тағала Құранда: «Алла тәкәппарланып жүрген көкірек кергенді жақсы көрмейді» (Нәхл сүресі, 23-аят) деп, мұндай адамның рақымнан алыста екенін айтқан.
Тәкаппарлық – тек жеке адамға емес, бүкіл қоғамға жұғатын індет. Ол оба секілді жүректерге таралып, тұтас бір ұлттың ахлағын бүлдіреді. Соқыр адам қалай көрмесе, тәкәппар адам да шындықты көрмейді. Мыңқау адам қалай естімесе, тәкәппар адамға айтылған насихат пен ескертудің де пайдасы жоқ. Тәкаппарлықпен ауырған қауым өздерін өзгелерден жоғары санап, ақыры қоғамның дағдарысына, рухани құлдырауына себеп болады. Ондай қауымның болашағы болмайды.
Ал қарапайым, кішіпейіл адам әрқашан Раббысын еске алады. Ол өзін басқалардан жоғары санамайды, керісінше, кішірейіп, Алланың құзырына мойынсұнады. Мұндай адам адамдармен жарасымды өмір сүріп, айналасына тек жақсылық нұрын шашады. Жанашырлық, ізгілік, көмектесу, сабыр және кешірім – оның табиғи болмысы болады. Ол тыныш әрі бақытты өмір сүреді. Себебі ол әрбір амалын Алланың разылығы үшін орындайды. Құранда: «Рахманның құлдары – жер бетінде қарапайым жүретіндер...» (Фурқан сүресі, 63-аят) деп Алла олардың сипаттарын мақтайды.
Ислам – адам баласының екі дүниеде де бақытты болуын көздейтін дін. Алла Тағала тәкәппарлықтан қайтарып, қарапайым болуға, нәпсіні тыйып, кішіпейіл болуға шақырады. Бұл – шынайы бақытқа жеткізетін жол. Зүл-Хижжа айының алғашқы он күні – мұсылманның рухани тазаруы мен күнәлардан арылуы үшін ерекше мүмкіндік. Бұл күндері тәкәппарлық пен менмендікті құрбан етіп, шын ықыласпен Аллаға мойынсұну – ең ұлы құрбандық. Кімде-кім нәпсісін жеңіп, өзінің менмендігін баса білсе, кішіпейілділікке бет бұрса – сол адам ғана шынайы құтылушы болады. Өйткені Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Алла разылығы үшін кішіпейіл болса, Алла оны көтереді» (Муслим, Бирр, 69) деп сүйіншілеген.
Ерсайын Сәкенов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, Әл-Әзһар университетінің түлегі