Зұлхижжа айының 4-күні: Нәпсіні құрбан ету – жан тазалығының жолы

31 мамыр 2025 166 0
Оқу режимі

Адам – рух пен тәннен тұратын күрделі жаратылыс. Оның табиғатында бір мезетте биікке ұмтылу мен төменге құлдырау қабілеті қатар жүреді. Пенде бірде періштедей пәк болуға талпынса, енді бірде нәпсінің жетегінде кетіп, жанын қараңғылыққа батырады. Осы екі аралықтағы рухани майданда нағыз жеңіс – нәпсіні жеңе білуде. Өйткені нәпсі – адамды үнемі жеңілдікке, ләззатқа, тыйым салынған дүниеге жетелейді. Ол – үгіттемей-ақ азғыратын ішкі дұшпан.

Нәпсіқұмарлық – адамның өмірінде бірте-бірте қалыптасатын дерт. Ол адамның бойында міндетті түрде бар қасиет емес, бірақ күнәға бейім табиғаттың нәтижесінде пайда болатын, өскен сайын рухты тұншықтыратын қуат. Егер ол еркіндікке жіберілсе – жүректі қарайтады, егер тәрбиеге салынып, Алла үшін тежелсе – иманның артуына себеп болады.

Осы тұрғыдан алғанда, Зүл-Хижжа айы – нәпсіні тәрбиелеуге, рухты тазартып, жүректі жандандыруға ең қолайлы кезең. Бұл – мүмін үшін берекелі күндердің шыңы. Бұл – Алланың ерекше сүйікті он күні. Бұл күндерде жасалған әрбір құлшылық, әрбір ізгі амал – басқа кездерге қарағанда әлдеқайда артық, әлдеқайда сауабы мол. Міне, осы күндері пенде Раббысына жақындаудың жолын іздейді. Бұл – мал емес, ең алдымен нәпсіні құрбан ететін күндер. Тән қалауы мен рух қажеттілігінің арасында таңдауды иман пайдасына шешетін қасиетті сәт.

Адам баласы – жақсылыққа да, жамандыққа да бейім. Жақсылыққа бағытталған нәпсінің бойында имандылық, тақуалық, адамгершілік сияқты қасиеттер қалыптасады. Ал жамандыққа бейімделген нәпсіде жалқаулық, еріншектік, рухани әлсіздік және күнә істеуге икемділік секілді теріс мінездер орнығады. Дегенмен, өзін жақсылыққа тәрбиелеген жан – бақытқа жетсе, нәпсісін жамандыққа үйреткен адам – бақытсыздыққа бастайды.
Алла Тағала Құранда былай дейді:
«Нәпсіге жамандық қабілеті мен тақуалық қасиетін бергенге серт! Расында, нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Ал кім оны кірлетсе, қор болды.» 
(Шәмс сүресі, 8–10-аяттар)

Нәпсіқұмарлық – адамды Алладан алыстататын ең қауіпті құмарлық. Ол жүрекке еніп, ақылдың да, иманның да бетін тұмшалайды. Бұл құмарлық кейде көз арқылы – харамға қараумен, кейде тіл арқылы – арсыз сөз айту мен ғайбат арқылы, кейде ой арқылы – арам қиялмен көрініс табады. Ал шынайы өмірде бұл нәпсілік қалаулар нақты күнә істермен жүзеге асады. Мәселен:
- Ішімдік ішу – ақыл мен арды жояды; 
- Зинақорлық – жүректі қарайтады, ар-намысты аяққа таптайды; 
- Құмар ойындары – адамның еркіндігін жояды, байлықты құртады; 
- Арам табыс, дүниеқоңыздық – жүректі қарайтады, адамгершілікті әлсіретеді.

Осылардың әрқайсысы – шайтани қалаулар. Ал Зүл-Хижжа – нәпсіні дәл осы тыйылмаған қылықтардан арылтатын рухани мүмкіндік. Бұл – көзді харамнан тыю арқылы Алла разылығын іздеу, тілді бос сөзден тыю арқылы сауап жинау, тәнді арам әрекеттерден қорғау арқылы рухты күшейту уақыты.

Пайғамбарымыз(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл туралы былай деген:

«Жәннат – нәпсіге ауыр көрінетін істермен қоршалған, ал тозақ – нәпсіге жағымды құмарлықтармен қоршалған.» 
(Муслим)

«Нағыз күшті адам – күресте біреуді жығып түсірген емес, ашуға берілмей, өзін ұстай алған адам.» 
(Бухари мен Муслим)

«Көз де зина етеді, оның зинасы – харамға қарау...» 
(Бухари мен Муслим)

Алла Тағала Құранда тағы бір ескерту айтады:

«Расында, бір қауым өз халін өзгертпейінше, Алла олардың халін өзгертпейді.» 
(Рағд сүресі, 11-аят)

Бұл – пенденің өзінің нәпсісімен күреспей, ішкі тазаруға талпынбай тұрып, сыртқы жағдайдың түзелмейтінін білдіреді.

Сондықтан осы қасиетті он күнді күнәмен күреске, нәпсіні құрбан етуге, жүректі тазартуға арнайық. Малмен бірге нәпсімізді де құрбан етсек, біз тек дүниеде емес, ақыретте де бақытқа кенелеміз.

Ерсайын Сәкенов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, Әл-Әзһар университетінің түлегі

Пікірлер Кіру