Зұлхижжа айының 3-күні: Сараңдықты құрбан ету уақыты

30 мамыр 2025 366 0
Оқу режимі

Зүл-Хижжа айы – мүмін үшін берекелі күндердің шыңы. Бұл – Алланың ерекше сүйікті он күні. Бұл күндерде жасалған әрбір құлшылық, әрбір ізгі амал – басқа кездерге қарағанда әлдеқайда артық, әлдеқайда сауабы мол. Міне, осы күндері пенде Раббысына жақындаудың жолын іздейді. Бірі – түнін намазбен өткізеді, бірі – тілін зікірмен ылғал қылады, бірі – тәнін оразамен әлсіретеді, ал бірі – мал-мүлкін садақа етіп, Алланың разылығын іздейді.

Мал-мүлікті Алла жолында жұмсау – мұсылманның жүрек байлығын көрсететін ең үлкен амалдардың бірі. Себебі дүние – адамға сүйікті нәрсе. Оны беру – нәпсінің қарсысына шығу. Алла Тағала Құранда: «Жақсы көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша, жақсылыққа жете алмайсыңдар» (Әли Имран сүресі, 92-аят), – дейді. Мұсылман үшін осы он күн – дүниесін емес, жүрегін Аллаға байлайтын уақыт. Садақа – тек мал берумен шектелмейді. Бұл – сенің байлығыңның сынағы. Егер жүрегің беруге дайын болса – ол шын шүкірлік. Зүл-Хижжада садақа беру – нағыз малды құрбан қылу. Бұл күндерде берген садақа – өзіңді тазартады, пейіліңді аштырады, берекеңді көбейтеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Садақа малды кемітпейді», – деген. (Муслим жеткізген). Яғни, Алла жолында берілген садақа еш уақытта кемімей, керісінше, берген адамның үйіне ырыс кіреді.

Алайда кейде адамда дүние болмауы мүмкін. Бірақ ол – садақа есігі жабылды деген сөз емес. Себебі Алла әрбір адамға амал жасау мүмкіндігін тең таратқан. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Жақсы сөз – садақа», «Күлімсіреу – садақа», «Жолдан зиянды нәрсені алып тастау – садақа», – деп, мұсылманның әрбір жақсы амалының садақа екенін айтқан. Яғни, сенде ақша болмаса да, мейірімің, кешірімің, жылы сөзің мен көмегің бар. Көңіліңді аяма! Алла үшін күлімде, Алла үшін кешір, Алла үшін жол көрсет, Алла үшін дұға ет – бұлар да садақа. Бұлар да Алланың разылығына жеткізеді. Бұл – жүректен шыққан садақа, бұл – мейірімнің көрінісі.

Зүл-Хижжа – тек малдың құрбаны емес. Бұл күндер – нәпсінің, менмендіктің, дүниеқұмарлықтың құрбан етілетін кезі. Дүниесі бар – садақасымен, дүниесі жоқ – жақсылығымен жарыссын. Себебі Алла амалға қарайды, жүрекке қарайды. Сенің бергенің көп пе, әлде жүректен шықты ма – соны таразылайды.

Осы қасиетті күндері пенде күнделікті өмірде қиып бере алмай жүрген нәрселерін де Алла үшін қиып үйренуі керек. Бұл – тек дүние емес. Кейде біреуге көңіл бөлу, сабыр сақтау, жылы сөз айту, елемей келген жанның жүрегін жараламауға тырысу – осылардың бәрі рухани амал. Өмірдің күйбеңінде кішкене ғана жақсылыққа зауқы соқпаған жүрек енді сол амалмен Аллаға қарай бір қадам жасауға тиіс. Бұл – рухани ерлік. Өз ішің қимаса да көмектес, ренжіп тұрсаң да кешір, сөз табылмаса да жылы қара. Себебі дәл осы мейірімділік амалдарын көрсету – иманның тірі белгісі.

Шын мәнінде, бұл күндер – тек құрбан айт үшін емес, рухани тазару мен ішкі дүниені жаңарту үшін берілген мүмінге мүмкіндік. Әр пенде осы он күнде өзінің ішкі дүниесіне үңілуі керек: Мен неге жомарт бола алмай келем? Неге әлі кешіре алмадым? Неге жылы сөз айтуға сараңмын? Осы сұрақтардың жауабын Алла үшін амалға айналдыру – өмірін өзгертуге бір қадам жасау деген сөз.

Зүл-Хижжа айы – бұл садақа мен сабырдың, құлшылық пен жақсы амалдар жасаудың, сараңдық пен менмендікті құрбан ететін он күні. Сен қай амалмен жарыссаң да, бұл күндер бос өтпеуі тиіс. Мал-мүлкіңді Алланың разылығы үшін жұмсасаң да, яки жүрегіңді адамдарға ашып, көңіліңді аямасаң да – екеуі бір мақсатқа апарады: Ол – Алланың разылығы.

Ерсайын Сәкенов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, Әл-Әзһар университетінің түлегі

Пікірлер Кіру