ЖҮНІС ӘМІРЕ (1238 – 1328)

Ессіз жүрек, бұлқынасың, дауыл қуған толқындай,
Басылсаңшы, жанарымды қанды жасқа толтырмай.
Сүйіктімнен жырақ қалдым, жетпей қолым созғанмен,
Әуезді үнін ести алмай, зармын, құлақ тосқанмен.
Дәрменсізбін, сүйіктім жоқ, аяқ-қолдан әл кетті,
Емі де жоқ бұл дертімнің, ұсынбаңдар дәрмекті.
Жүрегімнің жарақаты жазылардай болмады,
Көздің жасы көлдей болып, қуыс кеуіл толмады.
Мен жолыңда құрбаныңмын, көрмеймісің түрімді,
Табаныңмен талқандап өт, қалдырмай-ақ түгімді.
Қарақшыдай тау мен жартас жолымды кеп ториды
Сүйіктіме өткел бермей, менен неге қориды?
Сол жартастың төбесінен бұйра бұлттар жүзер ме,
Мендей болып, сүйіктім де көздің жасын үзер ме?
Міскін Жүніс, от жүрегің түсіп қалды тұзаққа,
Өз отаның қалды жырақ, бет алдың тым ұзаққа...
***
Айдай жүзің жайнатты да бағымды,
Бұлбұл сайрап, күй бұлақтай ағылды.
Өзіңе ынтық болған жүрек мас болып
Бүлік бастап, тұтанды да, жағылды.
Жүрегімнің таппай ешбір дауасын,
Тәуіп бардым, ұшықта деп жарасын.
Ол тамырын басты-дағы қолымның
Деді: – Ей, міскін, сен шарасыз баласың.
Сенің дертің дауасыз дерт, емі жоқ,
Дәрі іздеме, бір-ақ амал табасың:
Амалы сол – күл болғанша осылай
Лапылдайсың, бастан-аяқ жанасың.
Міскін, Жүніс, бұл еркіңнен тысқары,
Білмеуші ме ең бұл белгілі нұсқаны:
Құл болу тек – ғашықтардың жоспары
Күл болу тек – көбелектің ұшқаны.
***
Махаббаттың теңізіне сүңгимін,
Тереңіне батып үнсіз мүлгимін.
Кетемін солай.
Екі әлемнің ортасында жанамын,
Уақыттан тыс кеңістікпен ағамын.
Кетемін солай.
Әлиф те емес, дал да емеспін, мим де емен,
Батқан сайын жеңем жауды «мен» деген,
Кетемін солай.
Жан Досымның бау-шарбағын жайлаймын,
Бақшасында бұлбұл құс боп сайраймын.
Кетемін солай.
Жүрек болып, тән түнегін жағамын,
Саған қарай бастайтын жол табамын.
Кетемін солай.
Сорлы ғашық – Мәжнүн Жүніс, Сал Жүніс,
Ғашығыңа жетем десең, сәл тырыс.
Кетемін солай.
Тән шипасы, жанның емі – Жар демі,
Ерік бермей, тұтқыныңа ал мені,
Кетемін солай.
***
Сен дәруіш бола алмайсың!
Дәруіштер айтты маған,
«Бола алмайсың сен дәруіш».
Мұнан басқа айтарым жоқ:
Сен дәруіш бола алмайсың!
Дәруіштің кеудесінде
Соғар жүрек пәршаланған,
Дәруіш сол – күндіз-түні
Көздерінен тамса маржан.
Ал жанының жұмсақтығы
Сезген жанға – аңсар арман.
Мінезінің көркемдігін
Білерсің тек бақсаң бағлан.
Сен дәруіш бола алмайсың!
Ұрсаң кез боп дәруішті
Тұра берер қолсыз жандай,
Тілдеп көрсең дәруішті
Қалар үнсіз, тілсіз жандай.
Сен дәруіш бола алмайсың!
Қаншама сөз айттың долы,
Шашасың кеп тілдің зәрін.
Ашу-ыза бойың толы
Ғайбаттайсың елдің бәрін,
Сен дәруіш бола алмайсың!
Ашуға ерік берер болса
Мұхаммедте жоқ па еді ол?
Кектенбеді, кектенгеннің
Нұрмен шайды от демін Ол.
Ашуыңды меңгермесең
Сен дәруіш бола алмайсың!
Өз ойыңды бақпайынша
Кәміл Ұстаз таппайынша
Ақиқаттың тереңінен
Бір тамшы бал татпайынша
Сен дәруіш бола алмайсың!
Сондықтан да Жүніс міскін,
Мұхит көрсең, жылдам түскін
Бат тереңге, жаннан кешкін
Қорқыта алмас сонда ешкім.
Мұның бәрін жасамасаң
Сен дәруіш бола алмайсың!
Қалыптаған Ләйлі ҚҰНДАҚБАЙ