ЖЕТЕС БИДІҢ ЖАУАБЫ

16 маусым 2025 169 0
Оқу режимі

Жетес би 80 жасқа шыққанда Төртқара Таушанұлы Жағал сәлем бере келіп:

—"80—жасты қалай өткізіңіз, Жетес аға? "—деп сұрапты дейді.

Сонда Жетес би былай жауап берген екен:

«Оннан жасым өткенше, балалықпен ойнадым, қызығына тоймадым, құрақтай өсіп күн санап бірте бірте бойладым.

Жиырма жасқа жеткен соң пайдасын бастың ойладым.

Түнді ойынмен өткізіп, күндіз тойды тойладым.

Сәдірмек желі сабылтып қыз —қырқынды қоймадым.

Отыздан жасым асқанда, достың көңілін қалдырмадым, жатқа сырды алдырмадым, екі талай жерлерде өртке шалғайды шалдырмадым.

Қырыққа жасым жеткенде, назбедеудей қарқындадым, ақ семсердей жарқылдадым, бұлақтай қайнап сарқылдадым, еш нәрседен қорғанып тартынбадым.

Елу жасқа келгенде, бір биік шыңның басына шықтым, дамыл алып тіземді бүктім, жан жағымды өлшестіріп, алды артыма көзімді тіктім.

Алпыс жасқа келгенде алтыншы тарау жол кез болды, үшінші дүркін ел кез болды, бес тарау жол, екі дүркін ел есіме түсіп басыма әбден шар кез болды.

Жетпістен жасым асқан соң, шамамды байқап көрдім, тартынбай жетекке ердім, билікті бала —шағаларға бердім, айтқандарына көндім.

Сексенге аяқ басқан соң жұрттан аулақ кетіп тұрмын, жол шетіне жетіп тұрмын, сегіз белден асып тұрмын, етек жеңімді жинастырып тек тәуекел етіп тұрмын.

Алдым енді тоқсан мен жүз, жан —жағым тайғақ көкше мұз.

Өткен дәуірің қайтып келмес деп тұр маған, күдеріңді үз!..»

Түсінген адамға Жетес бидің осы жауап сөздері тіркесінде ғибрат аларлық көп мән —мағына жатқан жоқ па?!

 

Пікірлер Кіру