ЖАҚЫП ТӨРЕНІҢ ҚҰЛАГЕРДІ СҰРАУЫ
Сөз тапқанға қолқа жоқ
Аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыға құмар Жақып деген баласы болған. Ел ішіне Жақып төре деген атпен танылған. Сол Жақып төре Ақан серінің Құлагеріне қатты қызығып, күндердің бір күнінде төрелік мінезіне сыйдырып Құлагерді сұрайды.
Сонда Ақан сері:
"Әй, Жақып, сұлтандықпен әкеңнің даңқы шықты, ақындықпен Орынбайдың даңқы шықты, жүйріктікпен Құлагердің даңқы шықты. Енді осы сөздерімді әкеңе жеткізіп сынатшы, Құлагердің жайын сонан соң көреміз", – депті.
Бұл сөзге үміттеніп, қуанып кеткен Жақып әкесіне Ақан серінің айтқан сөздерін жеткізеді.
Сонда Шыңғыс:
"Әй, балам-ай, Ақан серінің бұл сөзінде Құлагер мал болса да, аға сұлтан әкеңмен бара-бар, ақын Орынбаймен бара-бар деген астар жатқан жоқ па?! Біреу мені сұраса берер ме едің?!" – деген екен.
Осы сөзден кейін Жақып төре Ақан серіге көрінуге көпке дейін қысылып жүріпті.
Есбол Асылбеков парақшасынан