ЖАЛҒАН ҚҰДАЙ

Адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап Аллаға серік (ширк) болады. Ол серіктің аты - нәпсі. Ал ол нәпсінің шынайы аты - құдай. Сен өмір бойы сол құдайға қызмет етесің. Ғибадатты да сол құдай ризашылығын табу үшін жасайсың.
Енді сауал. Сонда біз шын Құдайды қай кезде табамыз? Жауап айқын. Өз нәпсімізді өлтірген кезде. Діни тілде ол өлтіру - жиhатул әкбар (үлкен жиhад) делінеді.
Тағы да сауал. Сонда біз ол құдайды қалай өлтіреміз? Дұрыс. Өзіміз өлген кезде. Осы жерде: "Өлмей тұрып өліңдер", - деген хадисті қаперге алсақ болады.
Ал өлдік. Ең болмаса ойша өліп көрелікші. Сонымен сіз бен біз жоқпыз. Жарайды, нәпсі қалауынан, яғни пенделіктен арылдық делік. Бірақ біз Аллаға құлай берілген мұсылманбыз ғой. Өлсек, демек діни ғибадатты да жинастырып қоюға тура келеді. Егер жинастырып қойсақ... Олай ету діндәрлығымызға сын. Өлмей қоюға тағы болмайды. Сонда не істемек ләзім?
Назар аударар жәйт. Осы жерде жалған құдай қуаты айқын сезіледі. Сонымен қатар өзіңнің сол құдайдың құлы екендігің мәлім болады. Себебі кім де болсын пенделік қалауын жеңгенімен, өзін Алла жолындағы мұсылманмын деп санайтындықтан, құдайға деген ғибадатынан бас тартпайды. Алайда ол өзі құлшылық жасаған құдайдың жалған құдай екендігіне ақыл жеткізе алмайды. Өкінішке қарай ислам дінін ұстанушылардың дені осы ой ұштығынан әрі өре оздыра алған емес.
Сонда шын Құдай қайда? Басы ашық жәйт. Ол - жанда. Осы жерде: "Алла сендерге күре тамырларыңнан да жақын", - деген аятты қаперге алуға болады. Егер байыбына барсақ, "күре тамыр" сіз бен біз, яғни ол біздің метериялдық кейпіміз. Бұл аят мәнінен біз Алланың мына материялдық әлемде болмайтындығына көз жеткіземіз. Демек материялды әлемде жасалған ғибадат Алладан тыс жасалады. Алладан тыс жасалған соң ол, әрине, өзге құдай ризашылығын табуға бағышталады. Шынтуайтына келгенде ең күнәhар адам сол. Иә, намаз оқып отырған адам. "Сондай намаз оқығандарға қандай өкініш". Бұл - аят. Алайда көп дін ғұламалары аталмыш аятты: "Жетімдер ақысын жегендерге қарата айтылған", - деп тәпсірлейді. Солай дей тұра шын жетімнің жан екендігіне бас та қатырмайды.
Сонымен сөз басында тілге тиек еткен: "Адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап Аллаға серік (ширк) болады" - деген сөзімізді тағы да қайталайық. Себебі адам баласының бәрі жан мен тәнді бір ұғым деп қабылдайды. Ол тұтас ұғымның аты - адам. Осы адам діни тілде "мүмин" (мұсылман), "мұнафық" (екі жүзді), "мүшірік" (кәпір) деп аталады. Біз мұсылман мен кәпірдің жайын жақсы білеміз. Мұнафық туралы да ептеп хабардармыз. Хабардар болғанда оларды Пайғамбарымыз (сғс) заманында сахабалар арасына өтірік мұсылман болып кірген кәпір қауымның өкілдері деп білеміз. Соған орай бүгінгі күні мұнафықтар қаперге алынбайды. Алайда Құран Кәрімде азаптың ең ауырын мұнафықтар тартатындығы ескертіледі. Ол азаптан молдалар да шеткері қалмайды.
Енді сауал. Сонда бүгінгі мұнафықтар кімдер? Басы ашық жәйт. Олар материялист діндәрлар. Ұғынықтылық үшін айтсақ, тілімен айтқан иманын жүрегіне өткізе алмаған "мұсылмандар". Рас, олар да күндіз-түні құдайға құлшылық етеді. Бірақ ол, жоғарыда айтқанымыздай, басқа құдай дә. "Сондай намаз оқығандарға қандай өкініш".
Әуелі мына бір жәйтты ой елегінен өткізіп көрелік. Әлем халқын бір орталықтан басқару мақсатында мынандай бір саяси ойын басталды делік. Сол ойынға орай АҚШ-тан бастап қазіргі жетекші елдер президенттерінің бәрі иман келтірдік деп кәлима шаhадат айтса, солар мұсылман бола ма? Сондай-ақ дінсіз бір әртіс ойнаған рөлінде иман келтірсе, оны да мұсылман дейміз бе? Әрине жоқ. Сонда олардан кәнігі мұсылмандардың қандай айырмашылығы бар?
Басы ашық жәйт. Адам баласы өмір бойы өзі үшін тіршілік етеді. Өз қалағанына қол жеткізуге барын салады. Өзінің абырой биігінен көрінгенін қалайды. Жақсы тұрмыс, сүйген жар, бала-шаға, қызмет - бәрі, тіпті арман-тілегіне дейін жеке қара бас қамын күйттеуге негізделген. Ол жарын да, баласын да, немересін де өз қалауын қанағаттандыру үшін иіскейді.
Міне осы, тек өз қарақан басын ойлаған адам намазды Алла ризашылығы үшін оқи ма? Басы ашық жәйт. Алла ризашылығын ойлаған адам өзін жоғалтады. Ұғынықтылық үшін айтайық. "Өз" деп отырғанымыз - "Мен". Сол "Мен"-ді кім де болсын өзім деп қабылдайды. Осы түсініктегі адам намазды да Алла ризашылығы үшін емес, өз жайын күйттеп оқиды. Соған орай ол намазға әлгі "Өз" жолының осы дүниеде де, ахиретте де оңғарылуы үшін жығылады. Дұғаны да сол үшін жасайды.
Жалпы осы ыңғайда ғибадат жасау барша мұсылмандарға тән. Оның үстіне: "Осы дүниемді де, ахиретімді де бер. От азабынан сақта" де", - дегенге саятын аят бар. Демек Алла Тағаладан біз тілге тиек етіп отырған "Өз"-дің жарылқануын тілеп дұға жасаудың еш сөкеттігі жоқ. Солай ма? Осы жерде кәкір бар. Ол кәкір "Өз" мәнін түсінген кезде ашылады.
Басы ашық жәйт. "Өз" бен "Мен" бір ұғым. Ал "Мен" деп отырғанымыз - нәпсі. Біздегі (біз деп отырғанымыз - жан мен тән) мақсат нәпсіні мұсылман ету. Енді сауал. Тән қай кезде мұсылман болады? Жауап айқын. "Мен" "Ол"-ға айналғанда. Себебі, нәпсі тәнмен тұтасып тұрады. Соған орай тән өлген кезде нәпсі жанмен үндеседі. Бұл үндесу екі түрлі жағдайда жүзеге асады. Бірінші, адам баласы шын мәнінде өлген кезде. Мұндай жағдайда нәпсі кәпір күйінде қалады. Екінші, адам баласы өлмей тұрып өлген кезде. Бұндай "өлімде" тәнде қалау болмайды. Шынтуайтына келгенде ол қалау нәпсіге тән. Сондықтан да ол "өлімді" нәпсінің өлімі деп түсінген жөн. Біз мұны "Нәпсінің мұсылман болуы" деп те атаймыз. Байыбына барсақ, жоғарыда біз тілге тиек еткен аяттың мәні осы. Біз жан мен нәпсінің осы кейінгі тұтасуын "Ол" деп атаймыз. Себебі "Ол" иелік еткен нәрсенің бәрі Аллаға тән. Міне, осыны түсінген кезде Алладан басқа ештеңенің жоқ екеніне тағы да көзің жетеді. Ал бұл танымсыз оқыған намаздың (өзіңнің де) Аллаға серік (ширк) болғаны болған.
"Әйел мен ер адам тең", - деген КСРО идеологиясы ежелден қалыптасқан Аллатану жүйесін бұзды. Басы ашық жәйт. Ерін өзінен үстем деп мойындамаған әйел баласының жасаған ғибадаты, оқыған намазының қабыл болуы неғайбыл. Себебі ол ғибадат негізінен жалған құдай ризашылығы үшін жасалады. Ал қай әйел де ерін отбасы иесі деп мойындап, соның құзырына өткенде өзіндік менді, яғни жалған құдайды өлтіреді. "Еріне мойынсұнған, діни амалдарына бекем мұсылман әйелі сегіз жәннаттың қалағанына кіреді", - делінетіндігі сондықтан. Тап осы сияқты Пірге қол берген қай жан да өзіне үстемдік еткен жалған құдайды "тағынан" түсіріп, оның шын Құдайды тануына қол жеткізеді.
Енді сауал. Сонда әлгі жалған құдай, яғни соның құзырындағы адам, Пірге қол бермей-ақ өз бетінше Алланы тани алмай ма? Егер мәселе мәніне бойласақ, бұл сауалды адам баласы өзді-өзіне Адам ата дәуірінен бастап қойып келе жатқандығына көз жеткіземіз. Шынтуайтына келгенде, Пірге қол беру Алла әмірімен бекітілген жүйе. Демек, бұл жүйені мойындамайынша Алланы тану әсте мүмкін емес. Ол жүйе: "Адамға сәжде жасаңдар!", - деген Алла әмірінен бастау алады. Басы ашық жәйт. Сәжде - Адам атаны мойындаған соң жасалды. Алайда ол мойындау Алла әмірімен үндес тұрғандықтан дін ғұламаларының өзі осы үндестік аражігіне жете мән бермейді. Сол мән бермеу соңы дініміздің үш ұстанымының бірі - Ихсанды ұстанбауға, соған орай Пірлік мектепті мойындамауға ұласады. Кәпір мен мұсылман да тап осы жерден ажырайды.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Алла періштелерге Адам атаға сәжде жасату арқылы Өзін танытатын жүйені қалыптастырды. Сондықтан да Адам атаға сәжде жасаған (қол берген) періштелер Алла құзырында тұрды. Ал Адам атаға сәжде жасамаған (қол бермеген) Ібіліс ол құзырдан тыс қалды. Біздің: "Кәпір мен мұсылман тап осы жерден ажырайды", - деуіміз сондықтан.
Назар аударар басты жәйт. Бұл Алла әмірімен түзілген жүйе болғандықтан Алламен байланыста тұрған Пайғамбарларға, сол қызметті атқаратын Халифаларға, мүштаhид Пірлерге, Ишандарға қол беру күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Адам атаға сәжде жасау мен кейін сол үрдісті алмастырған қол беру бір ұғым болғандықтан бұл үдерісте де Алла әмірі тұрады. Алайда оны түйсініп жатқан адам аз. Әйтсе де бұл тұрғыда қазақтың жолы болған. Біздегі ислам дінін әу баста қабылдау үдерісі осы орайда, яғни тарихат жолы арқылы өтті. Соған орай осы діни ұстаным біздің ұлттық болмысымызбен үндесіп кетті. Ұғынықтылық үшін айтсақ, біздің мұсылмандығымыз сыртқы формалық көріністе емес, жанда тұрады. Бізге тек соны қайта жаңғырту қажет. Ал ол дәстүрлі дініміз, яғни Ишандық мектеп арқылы ғана жүзеге асады.
Сонымен біз "жалған құдайды" әр адамға тән нәпсі дедік. Енді мына жәйтқа назар аударайық. Барша адамзат өзі өмір сүріп жатқан қоғамға қызмет етеді. Ал ол қоғам ауқымы кеңейе береді. Түптеп келгенде жер бетіндегі барша адамзатты қамтиды. Егер осы айтылған сөз байыбына барсақ, жер шарының жалған құдайлар билігінде екендігіне көз жеткізесің. Ал оның бір орталықтан басқарылатындығы күмәнсіз. Оны билік иелерінің өзі әйгілей бастады. Оған бүгінгі коронавирус ауруының әлемдік деңгейде қанат жаюы дәлел бола алады. Біз сол жалған құдайларды басқарып отырған билік иесін шартты түрде Тәжтажал деп аталық. Сол Тәжтажал қазір құдайлық деңгейге көтерілді. Тек өзін құдаймын деп жариялайтын күнін ғана күтіп отыр. Ал ол жариялаған кезде адамдардың дені соның соңында кетеді. Себебі, олар әу бастан соның қызметінде.
Ұғынықтылық үшін Тәжтажалдың бүгінгі құдайлық деңгейге көтерілгенге дейін жүріп өткен жолын саралайық. Ол үшін оған қарсы күштің де кім екенін біле отырайық. Басы ашық жәйт. Ол - иман. Ал ол иман да адамдарға тән. Сонымен бір-бірімен тіресетін екі күштің де адамдар екендігі мәлім болды. Бірінде - иман, екіншісінде - жалған құдай. Иманның иесі - Алла, ал жалған құдайдың иесі - Тәжтажал. Осы тірескен екі күштің қай жағы жеңіске жететіндігі өздері қабыл алған иман қуатына байланысты. Ал иман дегеніміз сенім. Соған орай әуелі мұсылмандарға тән иман түрлеріне назар аударып көрелік. Дін ғұламалары ол иман түрін төртке бөліп қарастырады.
Бірінші, ижмали иман. Бұл енді ислам дінін қабылдаудың шарты. Яғни, "Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (сғс) оның құлы, әрі елшісі", - деп кәлима шаhадат айтқан адам ижмали иман иесі болып есептеледі. Міне, тап осы иманға керағар сөзді жалған құдай иелігіндегі адам да айтады. Олардағы "иман": "Алла жоқ, адамға табын жер енді", - дегенге саяды. Бұл - екі жақ текетіресінің басы. Бұл текетірес Адам атадан бастау алады. Бүгінгі күні екі жақ та өздері межелеген шырқау биікке ту тікті. Енді сол ту бір туға айналу керек. Ол - жеңіс туы. Ал сіз бен біз сол майдан даласының солдаттарымыз.
Екінші иманға келейік. Ол иманның аты - Тафсили иман. Бұл - кемеліне келген мұсылманның иманы. Ол иман иесі ислам дініне тән барлық парыздар мен амалдарды өз бойына жинақтаған адам. Оған керағар, жалған құдай иелігіндегі адам, бүгінгі ғылым-білім мен өркениет жетістігінің иесі. Бұл - соңғы шек.
Енді сауал. Осы текетіресте қай жақ басым? Жауап айқын. Барлық жеңіс жалған құдай иесі жағында екендігінде дау жоқ. Соған көз жеткізгендіктен де Тәжтажал бүгін бой көрсетті. Ал мұсылмандар болса әрі-сәрі. Әрі-сәрі болатыны, олар негізінен үшінші иман иелері.
Үшінші иман - тақлиди иман. Бұл иман иелері негізінен әке-шешелері мұсылман болған соң өздерін мұсылман санайтындар. Сондай-ақ ислам діні туралы өзгелерден шатып-бұтып мағлұмат алғандар. Бір сөзбен айтқанда, бұл өздерін мұсылмандар санатына қосатын жалпы халықтың иманы. Бұл иман күпірге жақын өте әлсіз иман санатына жатады. Сондықтан да Тәжтажал әскері сапына қосылып кететін де негізінен осылар. Ал бұған керағар, жалған құдай қол жеткізген жетістік - барша халықтың жаппай сауаттануы. Басы ашық жәйт. Бұл тұрғыда ашылған сауат ешқашан Аллатануға қызмет етпейді. Сондай-ақ, осы білім негізінде қалыптасқан барша ғылым түрі де адам баласын діни сенімнен алшақтата түседі. Тәжтажалдың өз тағында бекем отыруы да сондықтан.
Алайда кей ғалымдар өздері ашқан жаңалықтарының Құран аятымен үндесетінін білгенде, иман келтіріп жатады. Дәлел арқылы келтірілетін мұндай иманды - тахқиқи иман дейміз. Алайда олардың қатары өте аз. Бұған керағар, жалған құдайға қызмет ететін ғалымдар Алланың жоқ екендігін ғылыми тұрғыда жан-жақты дәлелдеп бақты. Егер мына заман шығыршығы осылай айнала берсе, Тәжтажал сөзсіз жеңіске жетеді. Себебі бүгінгі ислам дінін ұстанатын мемлекеттерде де, діннің өзінде де оған қарсы тұрар қауқар жоқ.
Келесі сауал. Сонда не істемек ләзім? Міне, осы сауал қойылған кезде соңғы иман иелері алға шығады. Олар - ғайыпқа иман келтірушілер. Тақуалар да солар. Соған орай Құран Кәрімде тақуаларға: "Олар ғайыпқа иман келтіреді", - деп анықтама беріледі. Ертеңгі күні келетін Мәді жанынан табылатын да солар. Саны - 313.
Иә, өте аз. Бұл - біз ұстанып жүрген дініміздің қаншалықты деңгейде басқа бағытқа бұрылып кеткендігінің айқын көрінісі.
Ұғынықтылық үшін ғайыпқа иман келтіргендерің өзіндік ерекшелігіне тоқталайық. Басы ашық жәйт. Ғайып - көмес, яғни былайғы жұрт жоқ деп білетін әлем. Ол - қазақы ұғымдағы әруақ әлемі. Діни тілде: "руханият", "мағрифат", "ақиқат", - деп аталады. Ал ғайыпқа иман келтіргендер әр намаз сайын сол әлемдерге миғраж жасайды. Бұған керағар, жалған құдай иелері де өз әлемдеріне "миғраж" жасайды. Ол "миғраж" материялдық әлем танымына негізделген. Бір сөзбен айтқанда, ол - бүгінгі ғалымдар жетістігі. Әу баста клетка танудан басталған ол ғылым одан әрі тереңдей келе атомға, одан пратон, нейтұранға ұласты. Қазіргі кезде квант бөлшектеріне келіп маңдай тіреді. Тіпті олар антиматерияның (монада) бар екендігіне де көз жеткізіп отыр. Соған орай олар мына әлемнің өз-өзінен жаратылып жатқандығына көз жеткізді. Бұл - материялдық танымның шегі. Демек олар мына әлемде Алланың жоқ екендігіне халықтың көзін жеткізгеннен кейін өз құдайларын жария етеді. Мәді де сол кезде шығады. Исаның (ғс) көктен түсетін кезі де осы уақытқа тура келеді. Алла қаласа, біз сол күннің куәсі боламыз. Куә болу аз, біз сол соңғы шешуші майданға тікелей араласамыз. Сондықтан кімнің де болсын өзінің қай шепте болатындығын осы бастан ойластырып қойғаны жөн.
Басы ашық жәйт, біз қазір Тәжтажал жағына ойысып кеттік. Ал олар құрған бүгінгі өркениет жетістігіне біздегі тақлили иман төтеп бере алмайды. Төтеп беру үшін біз өзімізге ғана тән ұлттық болмысымызды сақтап қалуымыз керек еді. Ол болмыстың негізгі қорғаны тіл болатын. Соған орай Тәжтажал бізді тілден айырды. Тіл кеткен соң діл өзгерді. Діл өзгерген соң дін де өзіндік мәнін жоғалтты. Бүгінгі өркениет қанатын кеңге жая бастаған сайын ұлттық құндылықтарымыз да өзгеріске түсті. Ишан мүридтерін дінсіз комсомолдар алмастырды. Діни хиса-дастандарды бір ауыл болып тыңдайтын халайық театрларда бас қосты. Тіпті ол балеттік деңгейге көтерілді. Барлық ақын-жазушылар Тәжтажал өркениеті көкжиегін кеңейтуге қызмет етті. Дін рухынан ажырады. Міне, сол ұзақ жылғы еңбегінің жеңісіне масаттанған Тәжтажал бүгінгі күні ашық бой көрсетуде. Сондықтан кімнің де болсын кеш болып қалмай тұрғанда Ғайыпқа иман келтіргендер қатарынан көрінуге барынша әрекет жасап қалуы тиіс. Ол үшін Ишандық мектепті қайта қалыптастыру қажет. Халықтың Пірге деген құрметін оятуымыз керек. Онсыз Тәжтажал соңынан кеткеніміз кеткен.
Құдияр БІЛӘЛ