ЗЕКЕТ

08 сәуір 2025 426 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Aлла Tағала құлына жақсылық тілесе, оны жұрттың мұқтажын өтеуге себепші қылады”. (Бәйһақи, Шуғаб ул-иман)

Зекет – жыл сайынғы мал-мүлікпен жасалатын құлшылық. Алла Тағаланың ризашылығы үшін ауқатты (нисаб мөлшеріне ие) мұсылмандардың жыл сайын мал-мүлкінің қырықтан бірін Құран кәрімде баяндалған сегіз топтың біріне беруі арқылы орындалады.

Зекеттің парыз болуының шарты: Кәмелет жасқа жеткен, ақыл-есі дұрыс, азат және қарызы жоқ мұсылманның негізгі мұқтажынан артық, бір жыл өткен нисаб мөлшеріндей мал-мүлкі бар болуы керек. Нисаб мөлшері мен қатар, мал-мүлікте көбеюші болуы да шарт. Алтын, күміс шын мәнінде көбеймесе де, нисаб мөлшеріне жетсе, зекет беріледі. 

Нисаб: Зекеттің уәжіб болуы үшін діннің белгілеген мөлшері. Адамның басты қажеті мен қарызынан басқа 20 мисқал (80.18 грамм) алтын яки соған тең ақша, тауарға ие болуы. Негізгі қажеттілік; үй ішіне керекті нәрселер, киім-кешек, құрал-сайман, кітап, көлік және азық-түлік. Ақшаның әр 40 теңгесінен бір теңге зекетке беріледі. Тірі малдың зекеті: Қойда қырықтың бірі, түйеде бесеудің бірі, сиырда отыздан біреу. Кен, қазба-байлық түрлерінен де зекеті беріледі. 

Үшір жерден алатын егіннің зекетін беру, мөлшері шыққан өнімнің оннан бірі. Егер жерді ақылы суаратын болса, жиырмадан бірі. Егістік өнімдері; бидай, aрпa, күріш, тары (жүгері), пияз, картоп, жаңғақ, қауын-қарбыз, қияр, жоңышқа, алма, бал, қызылша түрлері секілді нәрселер. Егіншілікпен айналысатын мұсылманның үшірін қалай да беруі керек. 

Зекет берілетін жерлер Тәубе сүресінің 60-шы аятында баяндалған: (қолы қысқа) пақырларға, мұқтаждарға, зекет жинау міндетін атқарушы қызметкерлерге, қарызға батқандарға, Aлла жолында жүргендерге және елінен жырақта жүрген немесе жолда қалған жолаушыларға арналады. 

Зекетті осы сегіз топтың біріне беруге болады. Ал бұлардың арасында мұқтаждар мен Алла жолындағыларға беру ең ізгісі. (Mұхтасар ғылымхал, Алтын парақ)

Пікірлер Кіру