ҰРЫ МЕН КЕЙУАНА (Ғибратты хикая)

14 сәуір 2025 576 0
Оқу режимі

Баяғыда бір ауылда, түннің бір уағында, барлығы шырт ұйқыда жатқанда, бір ұры бір үйге ұрлыққа түсіп кіреді. Үйдің іші тып-тыныш, жарық жоқ, сықырлаған ескі есіктерден еппен өтіп, құнды заттарды іздей бастайды. Бірақ күтпеген жерден, бір бөлмеде жарығы жанып тұрғанын көреді. Ішке үңілсе — қолында таспихы бар, Алланы еске алып отырған бір кейуана.

Ұры шошып қалып, баж етіп айқай салады:

— Неге ұйықтамай отырсың, ей кемпір?!

Кейуана оның ұры екенін бірден аңғарады. Бірақ саспайды. Көңілі сабырлы. Аз ойланып, күлімсіреп былай дейді:

— Балам-ау, сен жаман бала емессің. Бейбіт түнде біреудің үйіне кіруге мұқтаждық итермелесе керек. Бәріміз білеміз, заман қиын. Бірімізді-біріміз демемесек, күн көру оңай емес. Қазір сенің жағдайың маған таныс сияқты. Мен – кәрі адаммын. Қолымда біраз алтын-күміс бар, бірақ не керек енді маған? Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра дейді. Бұл дүниені өзіммен ала кетпеймін ғой.

— Ал мына дүниені ал, балам. Мүмкін саған сауапты іс бастауға себеп болар. Жассың, өмір алдыңда. Бірақ, бір өтінішім бар. Кетпей тұрып соны орындайсың ба?

Ұры абдырап:

— Айтыңыз, апа. Не сұрасаңыз да дайынмын, — дейді.

Кейуана сөзін жалғайды:

— Жаңа ғана көз іліп едім, бір түс көріп шошып ояндым. Әлі жүрегім дүрсілдеп тұр. Со түсімді жорып берші, балам…

Ұры іштей қуанып кетті: “Ооо, бұл оңай жұмыс болды! Ақшасын өз қолымен ұсынып тұр. Енді аздап әңгімені тыңдап, ақшаны алып, тыныш кетемін.”

— Айтыңыз, апа, қандай түс көрдіңіз?

— Балам, түсімде өзімді өзеннің жағасында келе жатыр екенмін. Бір кезде аяғым тайып кетіп, суға құлап кете жаздадым. Бірақ дәл сол сәтте бір ағаштың бұтағынан ұстап үлгеріппін. Сол кезде бар даусыммен айқайлаппын: “Құтқар, Берііііік! Жәрдемдес, Беріііік!” — деп.

Ұры селт етіп:

— Бұл кім? Кім бұл Берік? – деп сұрай бергені сол еді…

Кенет көрші бөлмеден дәу, ірі, бұлшық еттері бұлт-бұлт еткен бір жігіт атып шыға келіп, ұрыны жерге бір-ақ ұрып, төпелей бастайды. Бұл — Берік еді, кейуананың ұлы.

Ұры не болғанын түсінбей, таяқтың астында қалды. Берік жұдырығын аямай, ұрыны сілкілеп жатыр. Ал кейуана күлімсіреп:

— Қой, Берік, жетер, өлтіріп аласың. Сабақ алса, жетерлік қой, — дейді.

Сонда ұры езіле жатып айтады:

— Ұра бер, Беріііік! Мен соған лайықпын! Бұл үйге не үшін кірдім мен? Ұрлық үшін бе, әлде түс жору үшін бе?! Ұра бер, Берік!

Ғибрат:

Заман қиындаса да, адамдықты ұмытпа. Қарттардың даналығын менсінбеуші болма. Кейде бір сөз — бүтін тағдырды өзгертуі мүмкін. Ал шынайы тәрбие — үнсіздіктің ішінде жатыр.

 

Бексултан Джанадиловтің фб парақшасынан

Пікірлер Кіру