САҒДИ ШИРАЗИ ЖЫРЛАРЫ

13 мамыр 2025 560 0
Оқу режимі

Сағди Ширази — қамари жыл санағы бойынша 600-610 жылдар аралығында Шираз қаласында дүниеге келген. Парсы тілді халықтарда "сөз ұстазы" аталып кеткен осы ұлы ақынның артынан қалған поэзиясы мен прозасы қазір әлемде танымал.

Ұлы ақынның поэзия және прозада жазылған көптеген шығармалары бар, оның ішіндегі ең танымалы — "Гүлстан" мен "Бустан" еңбектері.

Сағди өзінің алғашқы қағаз бетіне түскен шығармасын, яғни "Бустанды" ш.ж.с.б. 655 жылы сәйкесінше, 1276 жылы тәмамдады. "Сағди-нама" деп те аталып жүрген "Бустан" еңбегі Сағди әлемнің түрлі жерлерінде саяхаттап жүрген кезінде жазылған.

Бустан жарық көргеннен бір жылдан кейін жазылған "Гүлстан" әлемнің әдеби жауһарларының бірі саналады. Бұл кітапты автор түсінікті қара сөзбен өлең жолдарымен араластыра отырып, жазған. Сағди қоғамдық өмірдің жақсылықтар мен жамандықтарына оқырманның көзін ашады.

 

***

Шөл далада шаңда жатқан көміліп,

Сезілмейді құндылығы маржанның.

Жол білмейтін жанға артпа көп үміт,

Кедергілер тап болады алдан мың.

***

Ас қойылса алдына тоқ адамның,

Бір кемшілік тауып оған тағар мін.

Ашыққан жан сылдыр сулы тамағын,

Қалдырмастан жалап жейді табағын.

***

Көрсетпе жауға ешқашан әлсіз тұсыңды,

Сұрарсың сауға тескен кезінде ішіңді.

***

Данышпан жан кеме сынды жүзіп жүрген ақырын,

Үндемей-ақ көрсетеді өзге жұртқа ақылын.

Ақымақ жан барабандай жүрер ылғи даңғырлап,

Әйтсе дағы іші қуыс, тұратұғын қаңғырлап.

***

Ақымақтар арасына тап болғанда дана жан,

Құрмет күту тасталсыншы өшіріліп санадан.

Ақымақтар аштырмаса дана жанның ауызын,

Таңқалмағын, тас жарады гауһардың да қауызын.

***

Дұшпандарға ешқашанда сездірмегін қайғыңды,

Айналдырар қуанышқа той-тойлардай жай күнгі.

***

Негізіне әрбір істің зұлымдықты салғаның,

Тамырыңа балта шабар, жеміссіз боп қалғаның.

Назар салғын ғалым жанның айтқан әрбір сөзіне,

Әрекеті тұрсын мейлі жақпай сенің өзіңе.

Ілім үйрен, мейлі тұрсын қабырғада жазылып,

Өйткені ол қазына ғой алынатын қазылып.

***

Өзге жұртқа жамандықты сепкенің,

Ертеңгі күн өкінішті өпкенің.

***

Жатқанынша жас сұлу қыз кәрі шалдың қасында,

Жебе тиіп өліп кетсе жөн болады расында.

***

«Бақытты кім, айтыңызшы, бақытсыздық немене?»

Бір данаға қойылыпты осы сауал көнеде.

«Бақытты жан – егін егіп, игілігін көргені.

Бақытсыздық – бар байлығын игерусіз көмгені».

***

Жоғары қып көрсететін өзгеден,

Сөз өнері шарықтатар адамды.

Орныменен қолданбаса сөз деген,

Иттен төмен ете алады наданды.

***

Бола алсаң жақсылықтың жаршысы,

Тасуылмайды асығыңның алшысы.

Жақын болсаң зұлымдыққа бір табан,

Зұлымдықпен жауап берер жұрт оған.

***

Қиындыққа жолдасыңды тастасаң,

Сен тыныштық таба алмайсың ешқашан.

***

Тәжірибең болмай тұрып жасағаның тірлікті,

Ренішке тап қылады, сосын бұзар бірлікті.

***

Өзін жұртқа данышпандай көрсетіп,

Дауласатын адам болар данамен.

Надандығын жүрген жан ғой өлшетіп,

Тірлігіне бойлай алмас санамен.

***

Әлсіз қолдар игере алмас қылышты,

Әлсіз жүрек теріс етер дұрысты.

***

Жасамасаң өзгеге еш жамандық,

Зұлымдықтан сақтар Тәңір аман қып.

Зұлым жандар айналаңда толып жүр,

Бүлдіретін зәрлі умен жолын кіл.

***

Қорқынышты күнә істі жасағаны ғалымның,

Қылмысынан артық болар қарапайым залымның.

Ғалым адам бұл күнәні біле тұра қашайды,

Надан әр кез қылмыстарын соқырлықтан жасайды.

***

Бар байлығың таусылып қап үйіңде,

Қарап қалсаң осы екі наныңа.

Бірін оның сатып жібер, күйінбе,

Жауһар алғын ем болатын жаныңа.

***

Надандықпен бұл ғылымды талқылау –

Сорға бидай еккеннен де артық-ау.

***

Бос ұстасаң қолыңдағы бұл қылышты қай-қайсың,

Өмір бойы өкінішпен бармағыңды шайнайсың.

***

Үнсіз қалу – ақылдылық наданға,

Бара алса дәл осындай қадамға.

Егер мұны түсінетін адамға –

Данышпандық жасағаны ғаламда.

***

Сен шынайы ғашық бола алмассың,

Сүйіктіңнің бал шарабын ішпесең.

Бақытты жан – татқан уды алғаш кім,

Жанасың да өртенесің іште сен.

***

Екі адамның нәтижесіз жұмысы,

Зая болар атқарған бар шын ісі:

Байлық жию, пайдаланбау тырысып,

Ғылым оқып, қолданбаған мұнысын.

***

Жеткің келсе дәрежеге мәуелі,

Кеудеңдегі итті өлтір әуелі.

***

Асықпағын, егерде сен тыныштықты көксесең,

Құлақ асқын даналарға қарап жүрмей текке сен.

Жүйіткисің тұлпардайын шөл далада көсіліп,

Мінсең түйе адасасың барар жерден кешігіп.

***

Адамзатты бұл Тәңірім жоғары етіп жаратқан,

Ит байғұсқа берген орын ең төменгі тараптан.

Қанағатсыз жаннан кейбір деп айтады алайда,

Қанағатты ит жоғары тұрады деп қалайда.

***

Тұрғызбасаң жанды егер құлаған,

Жығылмастай болып жүргін аттай шын.

Қайғы басып шақ туғанда жылаған,

Қол созатын еш адамды таппайсың.

***

Ешқашанда сөйлеп жатқан адамның

Сөзін бөліп, алмағайсың мазасын.

Сөз тыңдамау – тірлігі ол наданның,

Тартқызады түбінде бір жазасын.

***

Ғалым болсаң дәмін білмес еңбектің –

Жеміс бермес құр әншейін дөңбексің.

***

Өз қатесін балайтұғын дұрысқа,

Адамдармен ешқашанда ұрыспа.

Соқыр жанды емдеу деген алайда,

Ешкімге де соға қоймас оңайға.

Қисық айна секілді оның жүрегі,

Сиықсызды сұлу көрер үнемі.

***

Бір кемпір айтты ұлына:

«Барыстай еді айбатым,

Пілден де зор-тын қайратым.

Есіңде болса шынында,

Көтеруші едім қолымда,

Тәттінің бердім молын да.

Кезіктім тағдыр сынына,

Дәрменім менің таусылды,

Ірісің өзің тау сынды».

***

Қасыңдағы болса досың шынайы,

Оңғарылар жолыңыз да ұдайы.

Аман-есен алып шығар өзіңді,

Жолыққанда кедергіден пінәйі.

Жағымпаз дос орта жолда жалт берер,

Басына бір туған шақта күн-айы.

***

Тұрған шақта қатыгездік дәуірлеп,

Мейірімге ешқашанда орын жоқ.

Мейрімділік дос етпейді жауыңды,

Талапшыл боп, арттырады дауыңды.

***

Патшалардың достығына сенбегін,

Күдіктенсе еш болады еңбегің.

***

Дос боп жүріп тас атушы тасадан,

Қорқынышты жаудан қастық жасаған.

***

Еңбегіңмен көрсетпесең алайда,

Қабілетің мен дарыныңнан не пайда?

***

Ауырмаса ешқандай да тісіңіз,

Нанды шайнап қампаяды ішіңіз.

Шайнайтұғын наныңыз бұл болмаса,

Бұл – қиындық, өзге азап далбаса!..

***

Қанағатпен жеген тамақ сіңімді,

Қажетіңді өтейді ғой бүгінгі.

Артық тамақ ауыр тиер ағзаңа,

Салмақ салып ауырлатар жүгіңді.

***

Өз жауыңды санасаңыз дәрменсіз,

Қателескен боп шығасыз әлден сіз.

Алапат өрт ұшқыннан да шығады,

Абайлаңыз, Тәңірдің көп сынағы.

***

Ақылды басшы әрқашанда төзімді,

Ұстайды тежеп қысқан ашу сезімді.

***

Үндемесе ойлап қалма момын деп,

Білмейсің ғой ойы қандай оның тек.

***

Дұрыс ойла, жаман ойға бұрғызба,

Қабырғаны іргетассыз тұрғызба.

***

Зұлымдықты кім көбірек қолдаса,

Өзге жұртқа қауіптірек ол аса.

Істер жасап сыймайтұғын ұғымға,

Айналасын батырады шығынға.

***

Қандай ғажап бақытты ғашықтың көзі,

Жолығам деп Дидарға бал-бұл жанады.

Көңілін демдеп шарапқа тасытты өзі,

Қияметте де мас болар әрбір қонағы.

***

Жануарлардан артықсың тек сөзіңмен,

Алайда аңдар артықтау ғой өзіңнен.

Өзгенің басын сен қатырасың бос сөйлеп,

Жануарларың түсініседі сезіммен,

***

Жаулардың да тыңдай жүр дәйім кеңесін,

Өз санаңа тек өзің ғана егесің.

Әрекет ет саралай біліп алдыңды,

Қарсыласты ақылыңмен де жеңесің.

***

Әр ісіңді алдын ала біліп ал,

Әр ортада оның дағы жүгі бар.

Ынтымақта достарыңмен қатынас,

Дұшпаныңмен бірге ішпе жатып ас.

***

Аузыңдағы Тәңір берген бұл тілің –

Білген жанға таусылмайтын бір ілім.

Аша алар қазынаның есігін,

Ашылмаса іздегейсің шешімін.

Асыл тасқа жолықтырса қуанғын,

Тұмсық бұзар жұдырығы жуанның.

***

Жылы сөйлеп, төге білсең мейірім,

Өзгертесің пілдің дағы пейілін.

***

Кеңес бермек болған адам қырсыққа,

Кеңес алсын өзі дәйім қырсықпай.

***

Ынтымақпен құмырсқалар жабылса,

Арыстанға зор көрінер сағымша.

Құдіреті күшті дәйім бірліктің,

Оған қарсы келе алмайды кіл мықтың.

***

Өмірдегі сыйлықтың ең үлкені –

Шыққаны жақсы атыңның.

Қиын емес соншалықты бұл тегі,

Қорлыққа қалай шатылдың?..

***

Ей, дана жан, артар күнә игілікке жат болу!

Жақсылықтан қашсаң ертең қиын соғар ақталу...

***

Қай ісің де асығыста жасалған,

Тым ұзаққа созылмайды қашаннан.

***

Өзгелердің қайғысына ашымаса жаныңыз,

Лайық па адам атын ап жүруге арыңыз?

***

Ақыл-оймен еңбек етсең жалықпай,

Арыласың қасіреттен зарықпай.

***

Түсіп қалма алдауына жауыңның,

Жағымпаздың қайтарғайсың тауын мың.

Жауың сені орға апарып жығады,

Жағымпаз тек ашкөз болып тұрады.

***

Көргенсіз көптің алдында тілі жосылған,

Сөз айта алмай дана жан да бар тосылған.

Құлақсыздарға айтылған барлық сөз жетім,

Жұпарды жойып жібермек сасық өзге тым.

***

Жарқын ақыл баста тұрар жасырын,

Қауашағың жетілдірер асылын.

Басымызға ұқсағанмен асқабақ,

Ақылы жоқ, іші оның бос қауақ.

***

Бетпақ қатын болса егер алғаның,

Өмір бойы қиындықта қалғаның.

***

Күн секілді жарқырайды кеңесте,

Шайқастарда арыстан боп елестер.

Ақылменен шешетұғын әр ісін,

Жанды әркім кішіпейіл демес пе...

***

Асыл тасқа қанша лай жаққаннан,

Құндылығын ешқашанда жоймайды.

Көкке шаңдар көтерілген ақ таңнан,

Тау-төбеге айнала да қоймайды.

Өкінішті дарын қалса қолдаусыз,

Қабілетсіз – зұлым болар ол даусыз.

***

Сақ болғайсың үндемеген адамнан,

Білмейсің ғой қандай ойы барлығын.

Бос демегін қалың нуды қаланған,

Шыға келер бұққан жыртқыш аң бүгін...

***

Қандай еркек екеніңді дәлелдеп сен алғайсың,

Үйленуге асыл жарды сонан кейін таңдайсың.

***

Қу құлқынның құлы егер болмаса,

Түсе қоймас бірде-бір құс торға аса.

Итермесе аңшыны да құлқыны,

Әуре болмас тұзақ салып бір күні.

***

Адамдықты тәркі етіп кімде-кім,

От тұтатып шырқын бұзса іргенің.

Назар салсаң тірлігінің соңына,

Өзі жаққан өртенеді шоғына.

***

Ықылассыз білім алған шәкірт бұл –

Қанаты жоқ құс секілді пақыр ол.

***

Достарыңнан кемшілігің жайында еш сұрама,

Көңіліңді қалдырам деп айта қоймас сірә да.

Дұшпаныңның пікіріне құлақ салғын ылғи да,

Кем тұсыңды теріп жүрер итермек боп ылдиға.

***

Жеміс бермес ағашқа бұл ешкім де,

Тас лақтырмас ақымақ та, естің де.

***

Отыра алмас жаннан жұртты бір сәтке де күндемей,

Мың есе артық бір бұрышта отырған жан үндемей.

***

Батылдық деген –күшінде емес білектің,

Жүзінде емес қылыштың.

Батылдық деген – болуы әділ жүректің,

Сабырлылыққа тырысқын.

***

Ашушаң болу шектен тыс,

Ел-жұртқа үрей туғызар.

Мейірімсіздік – өктем күш,

Қасыңнан жұртты қуғызар.

Қасыңнан безіп кетердей,

Өзгеге қатал болмаңыз.

Жылылық сепкін шекердей,

Әлсізді дәйім қорғаңыз.

***

Жала жауып, шығын етсең сөзіңді,

Сол жалаңыз өлтіреді өзіңді.

***

Сабырлы болсаң, мұратыңа жетерсің,

Асығыстықпен орға да құлап кетерсің.

***

Қайтыс болғанда жауыңыз,

Бақыттымын деп шаттанба.

Сенің де құлар тауыңыз,

Мәңгілік емес ақ таң да.

***

Ақымақ жан ешкімменен таласпай,

Тұрса егер жөн болады жақ ашпай.

Жеткен болса бұған оның санасы,

Тым ақымақ болмағаны шамасы.

***

Ауыртпаса жүректерін өзге жанның қайғысы,

Айтшы қане, адаммын деп айта алар қай кісі?

***

Байлық, шіркін, өміріңді рақатқа бөлейді,

Бірақ өмір берілмеген толтырсын деп көмейді.

***

Жындыменен дос болсаң сен егерде,

Бір даналық табылмайды сенен де.

***

Қалап тұрса алдаспанды көңілің,

Кесер тілім жауларыңның өмірін.

***

Бұл пенделер қанша мәрте айтқанымен таққа мін,

Екі жағдай итермелер қызметіне патшаның:

Оның бірі – отбасыңды асырайтын наныңыз,

Екіншісі – кеудеңдегі шырылдаған жаныңыз.

***

Минут сайын бір адамның жаны көкке ұшады,

Қимаса да тәркі етер бұл өмірді ғажайып.

Назар салғын, болып жүрме тектен-текке құсалы,

Қала берер осылайша ортамыз да азайып.

***

Кәріліктің қасиеті – аяғыңнан қалдыру,

Өміріңді бірте-бірте солғындатып жандыру.

***

Бұл өтірік жүрегіңе ауыр жара салады,

Жазылғанмен жараларың тыртық мәңгі қалады.

***

Ұрынбағын ешкімге де жөнсіз тек,

Аямағын жауыңды да әлсіз деп.

Күш жинаса әлек салар басыңа,

Рақым етпес кәрі менен жасыңа.

***

Құпияңды досыңмен де бөліспе,

Досыңның да достары бар себебі.

Жария боп кетуіне келіспе,

Таяқ болып өз басыңа келеді.

***

Бір жаман сөз айтқан болсаң өзге жандар туралы,

Дұрыс болсын, көмейіңде түйін болып тұрады.

***

Рухыңмен өмір сүру – жарқыратар есіңді,

Тәніңменен өмір сүру – қараңғы етер кешіңді.

***

Ақылдысың ба, шығарсың бәлкім ақымақ,

Кішкентайсың ба, ұлысың тұрған жарқырап?

Айта алмаймын, білмеймін оны әзірге,

Сөзіңді естіп, қорытпайынша қалқып ап.

***

Өмірге келер бар адамдар пәк болып,

Кейіннен әкең тәрбиелейді жақ болып.

Отқа да сені табындырады сеніммен,

Христиан дейді, яһуди дейді ат беріп.

***

Жан-жануар падишасы арыстан деп айтады,

Ал есекті теңеп жүрер ылғи дағы сорлыға.

Күні бойы қызметіңді есек жасап қайтады,

Адамзатты жарып кетер арыстаның зор мына.

***

Әлемдегі адамзаттың баласы,

Бір балшықтан жаралған ғой дәл осы.

Жараланса егер сенің бір мүшең,

Ауырады бүткіл денең, қарашы.

Барлық қайғы неге ортақ болмасқа,

Бұған енді кімнің жетер санасы?

***

Адамдармен кездескенде жанасып,

Сөйлескен жөн санасымен санасып.

Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ

 

Пікірлер Кіру