ҚҰДАЙДЫ КӨРГІҢ КЕЛСЕ...

12 маусым 2025 435 0
Оқу режимі

Ес білгеннен үлкендер жағы Құдайды құлағымызға әбден құйып тастаған. Әр істе Құдайға тәуекел жасауды айтып, асып кетсек тәубеге келтіріп, жасып қалсақ, жақсы амалдар арқылы жұбатқан. Дін мен дәстүрді қатар ұстап, сол арқылы тәрбиеге шақырып, дұрыс жолға салып отыратын. Ешбір дінде адамгершіліктен атта, арды сат, адам өлтір демейді. Ұрып-соғу, зорлық зомбылық жасау былай тұрсын, кіп-кішкентай жәндікке де зиян келтіру — күнә. Біз осылайша құдайды жақсы көрдік. Күнә жасауға Құдайдан қорықтық. Тіршілік атаулыны Құдайсыз елестете де алмадық.

Бірде атаммен Құдай туралы әңгіме қылдым. Ол менің түсінігімде көпті көрген, көнекөз қария. Дәретсіз жүрмейді, намазын қаза қылмайды. Бірақ, әсіредіншілігі жоқ. Қарапайым ғана күн кешетін, барына қанағат еткен жан. Оның аузынан Құдайы түспеген. Екеуіміз дастархан жағалай отырмыз. Ол төрде, мен төменде. Мен атама қарап:

— Атау, Құдайды көргім келеді, оны тек о дүниеде ғана көремін бе? — деген сауалды көлденең тарттым. Атам тосылып қалған жоқ. Маңдайдан парлай аққан терді аппақ беторамалымен сүртіп тастады да, шайын баппен ішіп отырып былай деді:

— Қызым, Құдайды көргің келгені қандай жақсы?! Ең алдымен оның бар екеніне сену — дұрыс амал. Ал, оның жүзін көргің келсе айтайын, тыңда, қарағым. — деп бір қозғалып барып, сөзін жалғастырды.

— Баяғыда бір адам болыпты. Ол да өзің тәрізді Алланы көруді қалапты. Бірақ, еш жерден таппапты. Тіпті, бірде жолы болмай, қауқарсыз қалған кезде «Осы Алла деген жоқ шығар, бар болса неге маған көмектеспейді, мен оны еш жерден көрмедім ғой» деп күңіреніпті. Бірде ауыл шетіндегі ағысы қатты өзенге аяғы тайып құлап кетеді. Суға шөгіп бара жатқан жерінде бір адам ғайыптан келіп құтқарады. Ажал аузынан осылайша аман қалады. Сол күні түн мезгілі ертерек қамданып, төсекке жатады. Көзі ілініп кеткенде Құдайдан Жебірейіл періште арқылы уақи келіпті.

— Сен Құдайды көргің келді. Бірақ, өзің Құдайдан алыстап кеттің. Өткенде көршіңнің үйі құлап, сеннен пана сұрап келгенде, сен оны үйіңе қондырмадың. Ол қатты қиналды. Мен саған сол адамның бейнесінде келіп едім. Қолымды қайтардың. Тағы бірде жақын адамың төсек тартып, қатты ауырып жатып қалды. Сен оны көруге бір рет те бармадың. Мен сол ауру адамның жүзіндегі мұң едім. Келсең көруші едің. Жақын арада бір жетім бала сеннен қайыр-садақа сұрады. Сен оның қолына аз ғана тиын-тебен ұстата салдың. Сол мұқтаж баланың көзіндегі үміт мен едім. Сол кезде жасаған кішкентай садақаң өзіңе үлкен жақсылық болып оралды. Ажалдан аман қалғаның қайырымыңның арқасы — депті. Ол ұйқыдан ояна салып, тәубеге келіпті. Жүрген жерінде осы тәмсілді тастамай, адамдарды жақсылық жасауға, ізгілік дәнегін көбейтуге шақырыпты. Сол адам өле өлгенше тапқан таянғанын жетім-жесірлерге, кәріп-кәсірлерге, мұқтаждарға таратып, атымтай жомартқа айналыпты. Қызым, Құдай әр кез қасыңда. Оны көргің келсе мұқтажға бар, аурудың халін сұра, жетімнің басын сипап, жесірге қолыңнан келсе қарас. Үмітсізге үміт сыйла, ақшаң аз болса, тым болмаса жақсы сөз айт, бұл амалдар сені Құдайға жақындата түседі, қарғам, — деді. Бұл тәмсіл маған расында ой салды.

 

Сұлухан МЫҢБАЙ

 

Пікірлер Кіру