ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ АУА РАЙЫН ҚАЛАЙ БОЛЖАҒАН?

15 сәуір 2025 328 0
Оқу режимі

А

Ай беті бұлыңғыр болып тұрса, жаңбыр жауады. Ал керісінше айқын көрінсе, ауа райы ашық болады.

Айдың шетіндегі қызыл түсті шеңбер кеңейіп барып жоғалса, ертеңгі күн ашық болады. Екі немесе күңгірт бір шеңбер көрінсе, күн райы суық болады.

Ай шалқасынан туса, ауа райы шаруашылық үшін қолайсыз болады.

Аққу жылы жаққа кеш оралса, күз мезгілі жайлы әрі ұзақ болады.

Ара омартадағы есігін ашық қалдырса, қыс жылы болады. Керісінше жартылай жапса, қыс суық болады.

Ашық күнде тиін ұясынан шықпаса, күн райы бұзылады.

Б

Бал арасы тобымен шырын жинауға шықса, күн ашық болады. Ал ұядан ұшпай отырып алса, көп ұзамай жаңбыр жауады.

Балық су бетіне шапшып ойнаса, жақында жаңбыр жауады.

Бұлт жер бауырлай көшсе, жаңбыр ұзақ жауып, күн суытады.

Бұлт шетінен ыдыраса, күн жылида. Ортасынан ыдыраса, керісінше ауа райы суытады.

Бір топ қараторғай аспанда қалықтап жүріп алса, күз ұзаққа созылады.

Ж

Жаз айында аңызақ ыстық болса, қыста қатты аяз болады.

Жазда аспандағы жұлдыздар жарқырап тұрса, күн ыстық болады. Қыста анық көрінсе, келер күн аязды болады.

Жазда құйын жиі болса, қыста қатты аяз болады.

Жазда найзағай көп соқса, қыс жайлы болады. 

Жаңбыр мен боран жұма күні басталса, ол келесі жұмаға дейін созылады.

Жаңбыр сіркірегенде тауықтар жем іздеп жүрсе, ақ жауын болады.

Жеміс ағашы күзде қайта гүлдесе, алда қыс жылы болады.

Жылан мезгілінде ініне кірмесе, күз жылы әрі ұзақ болады.

Жылан мен құрт-құмырсқа топ-тобымен басқа жаққа көшсе, табиғи апат болады.

Жылқы пысқырса, жаңбыр жауады, ішін тартса – күн бұзылады.

И

Ит бауырынан түлесе – қыс қатты болады, арқасынан түлесе – қыс суық болады.

Ит ұлып, мазасыздана берсе, жер сілкінеді.

К

Киік тобымен басқа жаққа аттанса, ауа райы қатты суық болады.

Көкектің дауысы жиі естілсе, күн ашық болады.

Көктемде жылқы ықтаса, қыс аязды болады.

Көктемде күн күркіресе, егін бітік шығады.

Көктемде күн ерте күркіресе, жаңбыр көп жауады.

Көктем басталғанда күн күркіресе, шөп қалың болады.

Күн шыжып, тымырсық болса, артынша найзағай соғады.

Қ

Қаз бен үйрек қиқулап, мазасыздана бастаса, ауа райы бұзылады.

Қарашада күн күркіресе, қыс қысқа болады.

Қарлығаш көкте самғап жүрсе, күн ашық болады.

Қармаққа балық түспесе, жел соғады.

Қой қорасына еркін кірсе, көктем ерте келеді.

Қой өрістен аузына шөп тістеп қайтса, елде жұт болады.

Қой сүзіссе, жел тұрады.

Қой тұяғымен төсін қасыса, қыс боранды болады.

Қой тісін қайраса, дауыл болады.

Кұрбақа жағада отырса, жаңбыр жауады.

Кұрбақа тынбай құрылдаса, күн ашық әрі жайлы болады.

Құмырсқа илеуінің аузын бекітсе, жаңбыр ұзақ жауады.

Құмарсқа илеуін құрғақ жерге салса, жаңбыр жауады. Керісінше дымқыл жерге салса, жаз құрғақ болады.

Құмарсқа илеуін биіктеу жерге көшірсе, су тасқыны болады.

Қыста қаз қаңқылдаса, жылы болады. Керісінше аяғын бауырына тығып жатса, боран соғады.

Қыста кемпірқосақ көрінсе, жыл берекелі болады.

Қыста торғайлар ұясына мамық тасыса, алдағы күндері күн қатты суытады.

Құстар тарана бастаса, келер күні жаңбыр жауады.

Қыста әтеш бір аяғын көтерсе, аяз болады. Жаңбырлы күндері таңертең әтеш шақырса, күн ашылады.

Қырғауыл қатты құрқылдаса, жер сілкінеді

М

Мал бір бағытта күйсеп жатса, келер күні сол жақтан жел не боран соғады.

Мысықтың пешке тығылуы – аяздың алды, ит аунаса – жаңбырдың жақындағаны.

Н

Наурызда қарға суға шомылса, күн жылынады.

Наурызда қар жауса – сол жылы жақсылық көп болады.

Кешке солтүстік жақта аспан қоңырқай тартса, көп ұзамай жел тұрады.

О

Оңтүстіктен ұзақ соққан жел өзгеріп шығыстан соқса, ауа райы жақсарады да, батыстан соқса, ауа райы қатты бұзылады.

Ө

Өгіз құйрығын шаншыса, қатты жел болады.

С

Сиыр өрістен шықпай қойса, ауа райы бұзылады.

Сиыр мүйізін шайқаса, дауыл тұрады.

Т

Таңда бұлт қызғылт тартса, жел тұрады.

Тауық жерге аунап бастаса, көп ұзамай жаңбыр жауады.

Тұман жер бауырлап құласа, келер күн ашық болады.

Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады.

Тырна жоғарыда қалықтап ұшса, күн жылынады.

Тышқан ін қазғанда топырағын алысқа тастаса, қыс жылы болады. Керісінше ін аузына қалдырса, қыс қатты болады.

Тышқан ініне азықты көп жинаса, кыс ұзаққа созылады.

Ү

Үйрек бір аяғымен тұрып, басын канатының астына тықса, аяз болады.

Ш

Шолпан жарқырап туса, шөп пен жеміс бітік шығады.

Шегіртке үнсіз қалса, ұзамай жаңбыр жауады.

* Материалды жазу барысында "Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары" энциклопедиясының мәліметтері қолданылды.

 

Бексултан Джанадиловтің фб парақшасынан

Пікірлер Кіру