Пенденің кемшілікпен жаратылуында – Алланың хикметі бар

15 сәуір 2025 297 0
Оқу режимі

Адам баласы — әлсіз жаратылыс. Жаратылуында ұмытшақтық, шүкірсіздік, қателесу сияқты табиғи қасиеттер бар. Бұл — кемшілік емес, бұл — сынақ. Ал адамды адам ететін — сол әлсіздіктерге қарамастан, жақсылықты таңдай білуі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дейді:

«Алла Тағала Адамды жәннатта бейнелеп жаратқан кезде, оны біршама уақытқа сол күйінде қалдырды. Ібіліс оның айналасын айналып жүріп, қандай жаратылыс екенін бақылап қарады. Ол оның іші қуыс екенін көріп, мұндай жаратылыс өз-өзін ұстай алмайтын (әлсіз) болатынын түсінді».
— (Мүслім риуаят еткен хадис)

Бұл хадис адам баласының табиғи әлсіздігін меңзейді. Ібіліс сол әлсіздікке қарап, менмендікке салынып, Адамға сәжде етуден бас тартты. Бірақ Алла Тағала адамның әлсіздігін жаратылыстағы кемшілік емес, нығмет пен мүмкіндік ретінде қарастырды. Себебі әлсіздік — тәкаппарлыққа емес, тәубеге бастайды. Әлсіздік — адамды Раббысына қайтарады. .

Кемшілікті жасыру — иманның белгісі

Ислам бізге біреудің кемшілігін термей, жақсы қасиеттеріне назар аударуды бұйырады. Бұл туралы Пайғамбарымыз:

«Кімде-кім бір мұсылманның кемшілігін жасырса, Алла оның қияметтегі кемшілігін жасырады» — деген.

Яғни, адамның сыртқы әлсіздіктерінен бұрын, жүректегі шынайы ниетке назар аудару керек. Себебі ешбір пенде мінсіз емес. Ал кемшілігін жасыра білетін жан – көркем мінезді адам.

Адам – шүкірсіз, бірақ Алла – Көруші

Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Ақиқатында, адам баласы Раббысына тым шүкірсіз жаратылыс.»
— (Адиият сүресі, 6-аят)

Иә, біз көп жағдайда өзімізге жасалған жақсылықты ұмытамыз. Әсіресе елеусіз, көлеңкеде қалған адамдардың еңбегін байқамаймыз. Бірақ Раббымыз ештеңені ұмытпайды.

«Жер мен көктің бір түйір тозаңы да Раббыңнан жасырын қалмайды...»
— (Юнус сүресі, 61-аят)

Алла әрбір жасырын ойды, әрбір үнсіз жақсылығымызды көреді. Сондықтан адам баласы жасаған игі істеріне адамдардан алғыс күтпеуі керек. Ол жақсылық — Алла үшін болуы керек.

Жақсылық кім үшін?

Егер жақсы адам болғың келсе — жақсы жар, жақсы ата-ана, жақсы дос, жақсы көрші, жақсы мұсылман — бәрін Алла разылығы үшін істе. Сонда ешқашан ренжімейсің, ешқашан үмітің үзілмейді.

Кейде бар жан-тәніңмен жасаған жақсылық ескерусіз қалуы мүмкін. Тіпті біреудің ренішіне де ұшырауың мүмкін. Ондай сәтте жүрегіңде тек мынадай ой болсын:

«Мен істегенімді Алла көріп тұр... Алла маған жеткілікті!»

Ерсайын СӘКЕНОВ, «Әзірет Сұлтан» мешітнің ұстазы

Пікірлер Кіру