ОҚШАУ ОЙ

Бәрімізге белгілі. Мұсылман атаулыға анық: Алла бар. Және Ол жаратқан әлем бар. Осы себепті біз Оны — Жаратушы Ие деп танимыз.
Енді сауал: Біз Алла Тағаланы қалай танимыз?
Жауап: Пайғамбарлар арқылы.
Тағы бір сауал: Біз Алланы қалай жоққа шығарамыз?
Жауап: Білім арқылы.
Осы қарапайым сұрақтар мен жауаптардан-ақ білім иесінің кім екендігін бағамдауға болады.
Сіз дүниедегі ең ақымақ адамның кім екенін білесіз бе?
Айтпау – қылмыс. Себебі, ауруын жасырған өледі. Біз өлдік.
Жоқ, ауруымызды жасырғандықтан емес,
Оны ауру деп білмегендіктен.
Бұл – жүрек өлімі.
Жүрек өлген кезде адам мен Алланың арасындағы байланыс үзіледі.
Ал оны үзген – біз иелік еткен білім.
Түсінгенге – бұл зұлмат.
Себебі дүниедегі ең ақымақ – бір нәрсе білетіндер.
Неғұрлым көп білген сайын олар ақиқаттан алыстай түседі.
Өйткені бұл әлемде ақиқат жоқ.
Ал оны бар дейтіндер – сол білетіндер.
Қайғылысы – біз соларды ұлықтап келеміз.
Бұл – адам баласының ең үлкен қателігі.
Өйткені біз соңына түскен білім – тек атау ғана.
Ол – білім емес,
Ол – шайтанның торы.
Егер байыбына барсақ, кез келген ілім, нақты айтсақ, ғылым – Аллатануға қызмет етуі тиіс.
Себебі Одан өзге еш нәрсе жоқ.
Жаратылғаннан Жаратушысын таппаған,
тіпті Оны жоққа шығарған ғылым – ғылым ба?
Біз дінсіз қоғам – КСРО-ның мектептерінде өстік.
Ботаника, физика, химия, математика, ана тілі...
Бұл пәндер сол қалпы қазір де оқытылады.
Сол білімдер – адам болмысын қалыптастырады.
Біз – сол қалыпта болдық.
Өскелең ұрпақ та сол.
Неге? Себебі бұл пәндер иман қалыптастырмайды.
Себебі ол білімдерде Алла жоқ.
Сонда ол қандай білім?
Байыбына барсақ, әр пән, әр сала – Алланы танытатын жол болуы керек еді.
Әрбір ғылым – Аллатануға қызмет етуі керек.
Солай болмаған ғылым – шынайы ғылым емес.
Ол – адасқан адамның ізсіз сүрлеуі.
Өзі зерттеген саласынан Алланы көре алмаған ғалым –
ғалым емес.
Ғылымға өмірін сарп етсе де, ақиқатқа жетпеген адам –
іздегенін шайтанның ойынан тапқан адам.
Өйткені ол ілім емес,
ол – иллюзия.
Кейде стандартты ойлау жүйесінен шығып,
ағыспен бірге аға бермей,
судың қайдан келіп, қайда құйылып жатқанын ойлаған абзал.
Бәрімізге белгілі, КСРО құрамына кірмей тұрып, біз "сауатсыз" едік.
Ал КСРО – дінсіз қоғам.
Біз ол қоғамға білім арқылы кірдік.
Ол білім бізді сол қоғамның адамына айналдырды.
Сол жол – қаншама ұлтты жойды.
Адам табиғи ұлттық танымынан ажырады.
Сол соқпақ қазір жаһандануға ұласты.
Ол да — сол білімнің салдары.
Білім – сол жүйеге қызмет етуде.
Ал оның иесі кім?
Ол – ортақ қазан.
Сіз сол қазанның иесін білесіз бе?..
Сол иеге қызмет ететін білім – хусули, яғни сыртқы, материалдық ілім.
Ал адам табиғатына тән – хузури ілім.
Ол – жүректен.
Ол – болмыс арқылы танылатын.
Алла адамды кемел күйде жаратты.
Сондықтан адам – оқу-білімге мұқтаж емес.
Оған тек – өзін таныса болғаны.
Құдияр БІЛӘЛ