Намазым қаза болды (2-бөлім)

10 маусым 2025 214 0
Оқу режимі

Бірнеше жыл бойы сол қарапайым жұмысшыны көріп жүрмін – жүзінен күлкі кетпейді. Оған көзім түскен сайын, жүрегіме бір тыныштық орнайды. Оның бейнесі маған үнемі ерекше бір күш, жағымды әсер сыйлайтын.

Азан дауысы естіле сала, ол дүкенін дереу жабады да, асықпай, сабырмен мешітке қарай бет алады. Сирек те болса, мен мешітке барған сәттерімде оның дәрет алып, үнсіз ғана қабырға жанына жайғасып, азан мен қамат арасындағы уақытта намаз оқып отырғанын байқайтынмын. Бірақ бұл жай ғана намаз емес еді — бұл Аллаға деген махаббаттың үнсіз көрінісі, терең сүйіспеншілікпен өтетін рухани күй еді. Оның оқыған намазынан шыққан әлсіз ғана үн, жүрек түбінен шыққан сыр секілді естіліп, менің де ішкі жан дүниемді оятып, әрі қызығушылық, әрі қызғаныш сезімін тудырды..."

Ол намазына соншалық беріліп кеткен еді — айналасында ешкім жоқтай, ешнәрсе көрмейтіндей күйде отыратын. Тып-тыныш, шексіз сабыр мен тыныштық үстінде, жүрегімен беріле құлшылық қылатын. Оның бір ғана ракағат намаз оқуы — өзгелердің төрт ракағатпен өткізетін уақытына татитын. Ұзақ тұрып, ұзақ иіліп, екі сәжденің арасындағы отырысты да асықпай, мұқият атқаратын.

Көңілімде бір сұрақ туындады: «Ол не айтып тұр? Әлде ол көпшілік білмейтін зікірлерді біле ме?» Оның намазын ұнаттым. Сол секілді ықыласпен, сабырмен құлшылық еткім келді. Бірақ істей алмадым. Бұл мен ойлағандай оңай емес екен. Неге екенін өзім де түсіне алмадым — көп ұзамай таусылып, баяғы қалпыма қайта оралдым. Бір намаздан соң екінші намазды өткізіп алатын болдым...

Жылдар бойы осындай адамдарды сырттай бақылап жүрдім. Іштей өзімді мазалаған бір сұрақ үнемі маза бермейтін: Неліктен кейбір адамдар намазға соншалық беріледі, ал басқалар бір уақыт намаз оқудың өзін қиын көреді? Мұның сыры неде? Бұл Алланың қалаған құлына ғана беретін нығметі ме? Егер солай болса, онда неге біз бірінші болып намаз үшін сұралатынымыз жайлы ескертілген? Егер бұл біздің қолымыздан келмейтін, тек Құдайдың еркінде ғана болатын іс болса, онда не үшін ол үшін сауап та, жаза да бар?

Осы сұрақтар мені көп ойландырды. Сондықтан жауап іздеуге бел будым. "Мен мына өмірмен қош айтысып, артыма санаулы ғана ракағат қалдыруым мүмкін" деген ой мазамды қашырды, жүрегіме салмақ салды. Осылайша мен өмірінде намазды өткізіп алуы сирек кездесетін адамдармен сөйлесіп, олардың сырын білгім келді. Сонымен қатар, жалпы өмірде табысқа жеткен адамдардың өмірбаяндарын, әдеттері мен ұстанымдарын зерттедім. Сонда бір байқағаным — нағыз табысты адамдар мен намазды берік ұстанатын жандардың арасында көп ұқсастық бар екен. Екеуінде де тәртіп, мақсат, табандылық пен ішкі сенім басым.

Міне, мен осы жолдарды өз кеңсемде отырып, бір кесе кофемді рақаттана ішіп отырып жазып отырмын. Таңымды уақытында оқылған таң намазымен қарсы алдым. Бұл әдет — менің өмірімдегі ең үлкен бетбұрыстың бастауы болды. (Жалғасы бар...)

«Фәтәтни Сола» / Аударған Ерсайын Қабылқанұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Пікірлер Кіру