Намазым қаза болды (1-бөлім)

Бірнеше жыл бойы сексенге таяған бір қарт қарияны бақылап жүрдім. Азанға бірнеше минут қалғанда көшеге көз салсам болды — қолындағы таяғына сүйеніп, мешітке қарай асыққан сол кісіні міндетті түрде көретінмін.
Жүзінен әрдайым бір сабырлы, жылы жымиыс кетпейтін. Сол сәттерде менің ішімнен ұялған күйде түрлі сұрақтар туа бастайтын. Бірақ оларды әп-сәтте өзім-ақ «жақсы» сылтаулармен жуып-шайып тастайтынмын. Сөйтіп, сұрақтар да, ұят та ізім-қайым жоғалып кететін.
Кейде қайта қарап қоямын — әлгі қария намаздан қайтып, үйіне қарай бет алып бара жатады. Жолай көршілеріне амандасып өтеді. Мен сағатыма қарап, таң қаламын. Намаз бітіп қалыпты. Сол сәтте есіме мешітке бармауға себеп еткен ойым түседі: «Істеп жатқан шаруаң бар ғой, бітір де, кейін оқи сал» — деп өзімді жұбатқанмын. Сол кезде ішімнен сұрай бастаймын: «Расында, сол сәтте сондай маңызды бірдеңе істеп жатыр ма едім? Болды делік, бірақ не болар еді, бес-он минутқа бөліп, намазымды оқып алсам?!» Әдеттегідей, ішкі дауыстар келіп, түрлі «негізді» себептер мен «дәлелді» жауаптар айтатын шығар деп күтем. Бірақ бұл жолы олар келмейді. Себебі олар тек намаз уақыты басталмай тұрып келетін. Уақыт өтіп кеткен соң – бәрі жоқ. Мен болсам, сырттай тыныш көрінгеніммен, іштей үнсіз арпалысқа түсіп отырамын.
Намазым қаза болды
Қаншама рет мені оятқан – таң намазына азан шақыруға бара жатқан сыпайы, көңілді қарияның таяғының сықыры еді. Ал мен сол кезде мешітте әр намазға азан шақыратын имам бар екенін білетінмін. Бірақ таң намазының азанын әлгі қарияға арнайы қалдыратынын білмеппін. Бірнеше жыл бойы сол таяқтың сықырын естіп жүрдім — аяз да, жаңбыр да оны тоқтата алмады. Жылдар өтті, заман өзгерді. Бірақ әлгі таяқ әлі күнге дейін мені оятады. Әр жолы оятқанда менің ойыма бір топ "жөнді" сылтаулар дайын тұратын. Сөйтіп мен қайтадан ұйқыға батып, өз сылтауыма іштей келісіп жатамын.
Өз-өзімді былай жұбаттым: «Бұл кісі түнді ұйқысыз өткізіп, таңға дейін отырса керек. Өйткені өз кәсібі бар, таңертең тұру оған міндет емес. Сондықтан ол үшін таң намазына тұру оңай». Ал мен болсам, жылдар бойы сабақ, универ, кейін жұмыс деген сылтаумен таң намазына тұра алмадым. Және әр жолы ішімнен: «Бір күні бәрібір оянып, бәрін өзгертермін» деп қоятынмын. Сөйтіп бір күні әлгі қариямен сөйлесіп қалдым. Одан жұмысы мен күн тәртібі жайлы сұрадым. Сөйтсем, мен ойлағандай таңға дейін ұйықтамай жүретін адам емес екен. Керісінше, жұмысының қиындығына байланысты түнде кеш жатады. Соған қарамастан, әр таң сайын бірнеше сағат ұйықтап болса да тұрып, азанға барады екен. Бұл жолы өз-өзіме ештеңе айта алмадым. Себебі ешқандай сылтау қалмаған еді. Келесі күні таңертең, намазға тұрайын деп жатқанда, ішкі даусым ақырын ғана былай деді: «Бұл — Алланың бір сыйы. Оны кімге қаласа, соған береді. Бір күні Алла сені де тура жолға салар…» , деп қайтадан ұйқыға баттым.
Намазым тағы да қаза болды. (Жалғасы бар...)
«Фәтәтни Сола» / Аударған Ерсайын Қабылқанұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы